"Алтын сапа" конкурсына өтінімдерді қабылдау басталды

28 Ақпан 2024, 12:11
281
Бөлісу:
"Алтын сапа" конкурсына өтінімдерді қабылдау басталды

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президенттің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсқа және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсына өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Президенттің "Алтын сапа" сыйлығы ұйымның өнім және/немесе қызметтер сапасы саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудағы тиімділігі жоғары әдістер (енгізілген менеджмент жүйесі болғаны міндетті) енгізгені үшін конкурстық негізде ұсынылады.

Конкурсқа ел аумағында тауарлар өндірумен, қызметтер көрсетумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.

Конкурсқа мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ белгіленген тәртіп бойынша оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар қатыса алмайды.

Сыйлық үш санатта (шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі) және келесі номинациялар бойынша беріледі:

1) "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын";

2) "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын";

3) "Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын";

4) "Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын".

Конкурста "Үздік индустриялық жоба", "Үздік инновациялық жоба" арнайы сыйлықтары тағайындалады.

Конкурсқа қатысушылар алдыңғы үш жыл ішінде шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын растауға тиіс.

Конкурс жыл бойына өткізіледі және келесі негізгі кезеңдерден тұрады.

Өтінімдерді 2024 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде электронды түрде www.altynsapa.kz сайтында тапсыру қажет. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап өтінімдерді қабылдау тоқтатылады!

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережесіне" (www.altynsapa.kz сайтының "Қатысу шарттары бөлімінде" орналастырылған) сәйкес өзі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына материалдарды ресімдеп, 1 шілдеге дейінгі мерзімде тапсырады.

ҰКП сараптамалық тобының алдын ала бағалауы және 40 финалисті анықтауы (тамыз-қыркүйек).

Сараптамалық топ кәсіпорындарға барып, байқаудың финалистерін бағалайды.

Президенттің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия отырысы (қараша).

Сыйлық лауреаттарына тиісті диплом, конкурс эмблемасы және 450 айлық есептік көрсеткіш ақшалай сыйақы беріледі. Лауреаттар төрт жыл бойы "Алтын сапа" конкурсының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

"Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы – отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалар қызметін жандандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Конкурс мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

1) "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар";

2) "Халыққа арналған үздік тауарлар";

3) "Үздік азық-түлік тауарлары".

Әр номинация бойынша үш жеңімпаз айқындалады.

"Қазақстанның үздік тауары" көрме-конкурсы бір жыл бойы өткізіледі және келесі негізгі кезеңнен тұрады.

Өтінімді "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-конкурсының өткізілуіне кемінде 10 күн қалған мерзімде www.altynsapa.kz сайтында немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына ұсыну қажет.

Өңірлерде көрме-конкурстың өткізілу кестесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдіктерімен келісім бойынша жасалады және www.altynsapa.kz сайтында жарияланады.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер Үкіметтің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысымен бекітілген "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік және республикалық көрме-конкурстарына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау ережесіне» (www.altynsapa.kz сайтында жарияланған) сәйкес өзі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына материалдарын ресімдеп, ұсынады.

Өңірлік көрмеге қатысу конкурсқа одан әрі қатысудың міндетті шарты болып табылады. Өңірлік конкурстардың 9 жеңімпазы ғана «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

 Астана қаласында республикалық көрме-байқаудың өткізілуі (қыркүйек-қазан). Көрме қорытындысы бойынша ҰКП сараптамалық тобы үш номинация бойынша 27 финалисті анықтайды.

Үшінші кезеңде 27 финалист онлайн-дауыс беруге қатысады.

"Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия конкурстың 9 қатысушысына "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру туралы шешім қабылдау отырысы (қараша).

Конкурс дипломанттарына диплом мен конкурс эмблемасы тапсырылады. Дипломанттар төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

"Алтын сапа" және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен салтанатты рәсімде өткізіледі.

Конкурстарға әлеуетті қатысушыларды сайтта оқыту үшін: www.altynsapa.kz "Оқыту" бөлімінде конкурстарды өткізу тәртібі және конкурстардың материалдарын ресімде уережелері бойынша бейнесабақтар орналастырылған.

Конкурсты ұйымдастырушы ӨКП базасында тегін оқыту семинарларын өткізеді. Семинарларды өткізу кестесі биылғы наурыз айында конкурс сайтында орналастырылады.

Құрметті кәсіпкерлер, сапа саласындағы конкурстарға қатысуға шақырамыз. Толық ақпарат www.altynsapa.kz сайтында. Консультация алу үшін байланыс телефондары: 8 (7172) 919-344 (ішкі 2043).

Өңірлердегі байқауларға жауапты ӨКП қызметкерлерінің байланыстары www.altynsapa.kz сайтта орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы