«Аltyn Samǵaý-2021» иелері марапатталды

13 Желтоқсан 2021, 08:57
1335
Бөлісу:
«Аltyn Samǵaý-2021» иелері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық Олимпиадалық комитет жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылады. Елордадағы Конгресс орталықта Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Аltyn Samǵaý-2021» Ұлттық спорттық жүлдесін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. 

Кеш қонақтары қатарында спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, мемлекет қайраткерлері мен спорттық ұйымдардың басшылары болды. Олардың қатарында Премьер-министр Асқар Мамин мен Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев та бар. 

Пандемияға байланысты шектеулерге орай, саланатты шара еліміздің үш қаласында бір мезгілде өтті. Шараның негізгі бөлігі Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылса, Алматы мен Түркістанда жасақталған арнайы студиядан онлайн көрсетілім жүргізілді. Бұл үміткерлер мен қонақтардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айта кеткен жөн. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері кештің құрметті қонағы атанды. 

Спортшылардың табысы мен жеңісін біз мақтан етеміз. Жеңістің құрметіне тәуелсіз Қазақстанның байрағы көтеріліп, еліміздің әнұраны шырқалады. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз. Сіздерді жас ұрпақ үлгі етеді. Сіздерге денсаулық, бақыт, табыс және жаңа жеңістер тілейміз, - деді жиында сөз алған ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев. 

Көптеген аталым бойынша үздіктерді жанкүйерер таңдады. 22 қараша мен 6 желтоқсан аралығында олар өздерінің сүйікті спортшыларын Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады. «Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалды. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден Токио-2020 Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ, шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегері атанды. 

Мені үздік спортшы деп танығаны үшін өте бақыттымын. Алайда, біздің спортшыларды түгел жеңімпаз деп есептеймін. Соңғы екі жыл барлығымыз үшін қиын болғаны жасырын емес. Жарыстар кейінге шегеріліп, тіпті, мүлде өтпей қалды. Айлар бойы жаттығу жасаудың өзі мұң болды. Сондықтан, бүгін чемпиондар мен спортшылар бас қосқан жиынға қатысу үшін үлкен абырой. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. Ұлттық спорттық жүлде барлық олимпиада чемпиондары мен спорт ардагерлерінің басын қосатын бірден-бір жиын. Солармен бір қатарда тұру мен үшін үлкен мәртебе. Маған дауыс берген әрбір адамға алғыс айтамын. Біздің туымыз әлемдік жарыстарда көкке көтерілуі үшін мен әрі қарай еңбектенемін, - деді Сәкен Бибосынов

Қысқы спорт түрлеріндегі командалар Олимпиадаға дайындық үстінде. Олар қазіргі сәтте 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына дайындалу үстінде. Сол себепті салтанатты іс-шараға қатыса алған жоқ. 

Маған дауыс берген баршаңызға алғысымды жолдаймын. Өкінішке қарай, біз осымен бірнеше рет еліміздегі ең басты оқиғадан сырт қалып жатырмыз. Біз қазір Олимпиада қарсаңындағы маңызды жарыстарда бақ сынаудамыз. Лицензия жолындағы турнирлер өтуде. Сондықтан, барша жанкүйерлерді бізді қолдауға шақырамын, - деді Юлия Галышева

Үздік жаттықтырушы атағына Мырзағали Айтжанов (бокстан Қазақстан командасының аға бапкері және Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері) жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды. 

«Жылдың үздік командасы» атағын футзалдан Қазақстан құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. «Жыл жаңалығы» аталымында Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Ол әлем чемпионатындағы командалық сында да қола жеңіп алғанын еске саламыз. 

«Үздік аймақ» аталымында өзгерістер бар. Биыл ұйымдастырушылар олимпиадалық спорт түрлері бойынша 36 ұлттық федерацияға тізгін беріп, үздік аймақты федерация өкілдері анықтады. Өте тартысты өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы қаласы Алматы облысын бір ұпай басымдығымен ұтып, жеңіске жетті.

«Үздік ұлттық спорттық федерация» аталымында Қазақстан теннис Федерациясы топ жарды. Жеңімпазды Қазақстан ҰОК жанынан құрылған арнайы комиссия анықтады. Федерацияның жұмысы көптеген талаптар бойынша тексерілді: инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі, аймақтардағы спорттың дамуы, жарыстарды өткізу деңгейі, белсенділігі, халықаралық аренадағы беделі және спорттық нәтижелері. Теннис федерациясы барлық талаптар бойынша үздік шықты. 

Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшы атағы пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяровқа берілді. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы атағына парадзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған. 

Жылдың спорттық оқиғасын қорытындылаған кеште қазақстандық атлеттерді барлық жаттығу жиындары мен жарыстарға бастап апаратын кешенді-ғылыми топ мүшелері де ескерусіз қалған жоқ. 

«Спорттық медицина бойынша үздік маман» атағы дәрігер Азамат Нұрматовқа берілді. Ол Токио-2020 Олимпиада ойындарында медициналық штабтың бас дәрігері ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ, Олимпиадаға дайындық кезінде спортшылардың қауіпсіздігін сақтау жөніндегі топтың құрамында болды. Ең алдымен, КҒТ мамандары мен ҰОК арнайы Жедел штабының бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан командасы толық құраммен Олимпиадаға барып келді. 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – «Қазақстан спортының мақтанышы» отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге табысталады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР-нңі еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты қазақ балуанының ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорттық кешенді басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды. 

Әдеттегідей, жүлдені табыстау рәсімі танымал спортшылар мен даңқты спорт ардагерлеріне, Қазақстанның танымал мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілді. Сахнаға Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Серік Сәпиев, Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина, Әлия Юсупова көтерілді. Олармен бірге жүлдені архитектор, Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, QazVac вакцинасын жасаушы, «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры Күнсұлу Закарья, актриса, Канн кинофестивалінің жүлдегері Самал Еслямовалар табыстады. 

Ресми марапаттау рәсімі аяқталған соң кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. «Ninety One» тобы, Мархаба Сәби, Марсель, Мәди Сыздықов және Сәкен Майғазиевпен бір сахнада атлеттеріміз де өнер көрсетті. Дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы Елдос Сметов Сәкен Майғазиевпен дуэт айтса, спорт ардагері, су добынан Олимпиада чемпионы Сергей Котенков және батуттағы гимнастикадан команда үздігі Пирмаммад Алиев әнші Марсельмен бірге «Мне с детства снилась высота» әнін орындады. 

2021 жылғы Спорттық жүлденің бас серіктесі - "Qazaq Oil". 2021 жылғы Ұлттық спорттық жүлденің ақпараттық серіктесі – «Хабар» агенттігі. Салтанатты рәсімді «Хабар» телеарнасынан 17 желтоқсан күні көрсетеді. 

Өзгелердің жаңалығы