Алтын Орда тұсында жазылған шығармалар жаңа антологияға енді

23 Желтоқсан 2020, 16:49
3334
Бөлісу:
Алтын Орда тұсында жазылған шығармалар жаңа антологияға енді
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркітану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр «Ұлы дала жауһарлары» сериясымен жарық көрген «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» екінші және үшінші томының таныстырылымы кезінде оған енген әдеби жәдігерлер туралы баяндады. 

Жиын барысында ол антологияның бірінші томы өткен жылы жарық көргенін және оған  Исламға дейінгі әдеби жәдігерлер кіргенін, ал екінші томына Қарахандықтар дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлер енгенін жеткізді.

Екінші томның алғашқы жәдігері ретінде осы жылы ЮНЕСКО көлемінде 1150 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткен Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Сөз өнері», «Ақындардың өлең жазу өнерінің қағидалары туралы» атты поэтикалық еңбектерімен бірге «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты туындысынан үзінділер де аударылып берілді. Осы дәуірде өмір сүрген Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат әт-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» және Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбектері де осы томға енгізілді,-деді түркітанушы. 

Алтын Орда тұсында жазылған шығармалар жаңа антологияға енді

Сонымен қатар ол түркі даласында кемелдік ұстындарын насихаттаған Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет», сондай-ақ, оның рухани мұраларынан бірі саналатын «Жүректердің айнасы» атты туынды да түркі әдеби тілінен аударылып, осы томға енгізілгенін айтты. 

Түркі әлеміне «Хакім ата» лақабымен танымал болған Сүлеймен Бақырғанидың бірнеше даналық сөздері мен «Бибі Мәриям», «Миғражнама» және «Ақырзаман» дастандары да түпнұсқадап аударылып, екінші томға енгізілді,-деді ол. 

Сөз арасында ол биыл 750 жылдығы кеңінен аталып өткен Алтын Орда тұсында жарық көрген шығармалар да осы томдыққа енгенін жеткізді.

Антологияның үшінші томына осы дәуірде жазылған діни-дидактикалық жәдігерлерді енгізгенді жөн деп санадық. Себебі, Алтын Орда тұсында түркілік рух пен ислами құндылықтар тұтастанып, түркі мұсылман дүниетанымын қалыптастырған болатын. Насируддин Рабғұзидың «Пайғамбарлар қиссасы», Махмұт Кердеридің «Жұмақтардың ашық жолы», Исламның «Мұғинул-мүрид», Хусам Кәтіптің «Жұмжұма» секілді туныдыларымен бірге, осы дәуірде жазылған, бірақ авторлары белгісіз «Кесікбас кітабы», «Сиражул-қулуб» және «Китәби Әбу Ләис Самарқанди» атты шығармалар да енгізілді. Осы жәдігерлерді жете түсіну үшін томның соңына діни ұғымдар мен атаулардың сөздігі де берілді,-деді Төрәлі Қыдыр.

Алтын Орда тұсында жазылған шығармалар жаңа антологияға енді

Бірнеше томды құрайтын серияның әр томы редакциялық бас алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында жазылған түсініктемелерді қамтиды.

Айта каетсек, бұған дейін «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» атты жоба аясында «Дала фольклоры антологиясының» онтомдығы, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 2-ші томы, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» бестомдығының 2, 3-ші томдарының тұсаукесер рәсімі өткенін хабарлағанбыз.

Бұл кітаптардың барлығы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған.

Өзгелердің жаңалығы