Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алтын кенішіндегі шахтерлердің өлімі: басты күдікті ұсталды

16 Мамыр 2025, 13:51
1688
Бөлісу:
 kopalniazlota.pl
Фото: kopalniazlota.pl

Колумбия полициясы көршілес Перудегі алтын кенішінде ұрланған 13 жұмысшыны өлтіруге басты күдікті ретінде танылған адамды қамауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Перу Ішкі істер министрлігі мен Колумбия полициясының мәліметінше, Мигель Антонио Родригес Диас, лақап аты "Кучильо" (пышақ), Колумбияның Медельин қаласында екі елдің және Интерполдың бірлескен операциясы барысында ұсталған.

Алтын кенішіндегі шахтерлердің өлімі: басты күдікті ұсталды
Фото: Перудің Ішкі істер министрлігі

Шахтерлердің денелері 4 мамырда Перудің Патас аймағындағы кеніш туннелінен табылған.

Диастың адвокаты оның бұл кісі өлтіруге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Перу – Латын Америкасындағы алтын өндіретін ең ірі елдердің бірі. Мұнда заңсыз алтын іздеушілер мен ұйымдасқан қылмыстық топтар тарапынан зорлық-зомбылық көбейіп келеді.

Перу билігінің айтуынша, Патас аймағында өлтірілген 13 адам шахтаны басып алған топқа қарсы тұру үшін жіберілген, бірақ олар торуылға түсіп, шахтаны қайта бақылауға алмақ болғанда тұтқындалған.

Перу Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, Диас шахтадан алтынды ұрлау мақсатында кіреберісті басып алуға бұйрық берді деген күдікке ілінген.

Ол "ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатысу, адам ұрлау және ауырлататын мән-жайлармен кісі өлтіру" баптары бойынша айыпталып отыр.

Билік жариялаған видеода оның Медельин қаласының орталығында қаруланған полиция тарапынан ұсталған сәті көрсетілген.

Колумбия полициясының бастығы Карлос Триана Диастың АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау агенттігінің көмегімен анықталғанын және Интерполдың "қызыл белгісімен" халықаралық іздеуде болғанын айтты.

Перу Ішкі істер министрлігі Диасты жақын күндері Перуге экстрадициялау күтіліп отырғанын хабарлады.

Қанды оқиға болған шахтаның иесі La Poderosa компаниясы бұған дейін Патаста компаниямен байланысты 39 адамның қылмыстық топтар қолынан қаза тапқанын мәлімдеген болатын.

Бұл соңғы шабуыл Перу президенті Дина Болуартені Патас аймағында түнгі коменданттық сағат енгізуге және бір айға кен өндіру жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр етті. Сонымен қатар өңірге қосымша полиция мен әскер жіберілді.

Еске сала кетейік, Перу елінің солтүстігіндегі Патас провинциясында орналасқан алтын кенішінде 13 шахтер қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы