Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтарының өртке қарсы техникамен және қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылу небәрі 70 пайыз шамасында деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, аймақтағы өрт қаупі жоғары кезең шамамен жеті айға созылады. Ведомствоның мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Медет Мұқашевтың мәліметінше, еліміздің экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, Шығыс Қазақстанда ағымдағы жылдың 5 сәуірінен өрт қаупі жоғары кезең басталып, қараша айына дейін жалғасуы тиіс.
Аталмыш кезеңде төтенше жағдайлар департаментінің мамадары табиғи өрттің алдын алуға немесе сөндіруге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырады. Мәселен, облыстағы өрт сөндіру жұмыстарына адамдар мен техниканы тартудың аудандық жоспарларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өрт қаупі жоғары маусымда апат қатерін азайту, сондай-ақ орман мен дала өрттерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірлескен рейдтер жүргізу мақсатында азаматтық қорғаныс, жергілікті полиция қызметінен, орман шаруашылықтары мен атқарушы билік өкілдерінен мобильдік топтар құрылды. «Geosat» ЖШС-мен жылу нүктелері бойынша ғарыштық мониторинг деректерін беру туралы келісімшарт жасалды. Бұл облыста дала мен орман өрттерінің алдын алуға бағытталған ауқымда шаруалардың бір парасы ғана, – дейді М.Мұқашев.
Департамент өкілінің айтуынша, өңірде қауіпті кезең басталғалы бері 30-ға жуық шөптің өртену дерегі тіркелген. Оның ішіндегі 12 жағдай өткен демалыс күндері болыпты. Бұл деректердің көбі жеке сектор мен саяжай аумақтарында анықталған.
Жыл сайынғы жағдайды зерделей келе, біз шілде мен тамыз айларында өрт қаупі барынша жоғары болатынын аңғардық. Сонымен қатар соңғы жылдары тілсіз жаудың орман мен елді мекендерге қарай ығыса бастағанын байқаудамыз. Яғни, бүгінде өрттен зардап шегетін нулы алқаптар мен ауыл-аймақтың пайыздық үлесі бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым көп. Бұл негізінен оттан қорғайтын қалқан ретінде қарастырылатын минералданған жолақтардың болмауына немесе олардың уақтылы жаңартылмауына байланысты, – дейді маман.
Осыған орай облыстағы елді мекендер мен өндірістік нысандардың айналасында, теміржол, автомобиль жолдары, электр желілері мен орманды алқаптардың бойында өртке қарсы минералданған жолақтар салу мен күтуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Мұны сала мамандарының өздері де айтып отыр.
Тағы бір белгілі болғаны, қазіргі уақытта облыстағы орман шаруашылықтарының өртке қарсы техникамен және қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылуы деңгейі 70 пайыз шамасында екен. Яғни, бұл бағытта да атқарылатын жұмыстар жетерлік деген сөз.
Рас, жылдағы дәстүр бойынша Шығыста күн жылына салысымен, өрт оқиғалары жиілеп кетеді. Бұл әсіресе, дала өртінің өршитін шағы. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, соңғы бірнеше күннің ішінде ғана жергілікті өрт сөндірушілер 12 қызыл жалынды ауыздықтауға қатысқан. Белгілі болғандай, сөндірілген өрттің жалпы ауданы үш гектардан асыпты.
Облыстық ТЖД өрт қаупі жоғары кезеңде негізінен космомониторинг қызметіне жүгінеді. Әуеден бақылау барысында тіркелген жылу нүктелері жедел пысықталып, өрттің таралуына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар қабылданады, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Мамандар әсіресе шөп өртеуге, орманда от жағуға, көлік терезесінен сөндірілмеген темекі тұқылын лақтыруға болмайтынын ескертуде. Сондай-ақ саяжайлар аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақыруда. Бұл үшін департамент қызметкерлері саяжай кооперативтерін аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ал тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Негізі, тұрғындар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жағдайда өрт фактілерін еселеп азайтуға болады. Ол қандай ережелер мен талаптар дейсіз ғой? Ең алдымен, желді күндері табиғат аясында от жақпау керек. Сондай-ақ орманда әйнек пен бөтелке сынықтарын күн сәулесінде қалдыруға болмайды. Жалпы, өрт қаупі жоғары кезеңде орманда от жағуға рұқсат етілмейтінін есте сақтау қажет. Ата-аналардың балаларына отпен ойнауға болмайтынын түсіндіргені абзал. Сонымен қатар елді мекендердің, кәсіпорындар мен саяжай қоғамдарының аумақтарын жанғыш қоқыс пен құрғақ шөптен тазарту қажет. Осы ретте айта кетер жайт, саяжай учаскелерінде от жаққан немесе қоқыс пен шөп өртеген жағдайда ошақтың үй-жайлардан кемінде 50 метр қашықтықта орналасқаны абзал. Оның өзінде қолыңызда өрт сөндіру құралдарының болғаны шарт, – дейді Медет Мұқашев.
Департамент таратқан ақпаратқа сенсек, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар 5 пен 2000 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл арқалап, екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен.
Белгілі болғандай, былтыр мұндай жауапкершілікке 40-тан астам адам тартылыпты.
«Көп жағдайда полицияның көмегімен апатқа себепші болған адамдарды анықтап жатамыз. Дегенмен бірсыпыра өрттің кімнің әлде ненің кесірінен тұтанғанын анықтау мүмкін болмай жатады,- дейді маман.
Осыған байланысты департамент өкілі өрт оқиғасының куәсі болған жағдайда дереу «101» немесе «112» телефондарына қоңырау шалу керектігін еске салуда.