Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елді мекендерде проблемалардың шешілу барысы жайлы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елді мекендерді тұрақты аралаймыз. Демалыс күндері Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар елді мекендерінің тұрғындарымен кездестім. Кездесуде тұрғындар маңызды проблемаларды қозғады. Олардың қатарында сумен жабдықтау, электр энергиясы, кәріз, мектеп, емхана құрылысы, балабақшаны жөндеу мәселелері бар. Сондай-ақ, жолдар, жарықтандыру, абаттандыру, қоғамдық кеңістіктер құру, интернет, автобус маршруттарын іске қосу және т.б. мәселелер болды. Кездесуде қысқа мерзімде қандай мәселелер шешілетінін, сол сияқты қандай жүйелі мәселелерге уақыт қажет екенін бірден айтамыз. Мысалы, әлеуметтік нысандарды салуға көп уақыт кетеді: ол үшін салынатын орынды таңдау, оны дайындау, жобалау, ары қарай құрылыстың өзі және нысанды пайдалануға беру. Сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін өткен жылы сорғы-сүзгі станциясының (ССС) (Интернациональный, Алматы ауданы) құрылысына кірістік. ССС-3-тің бірінші кезегі биыл күзде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Нысанның толық аяқталуы – 2023 жыл. Сорғы-сүзу станциясы сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға, құрылыстың болашақ аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Көлгінов.
Сонымен қатар, биыл Интернациональный, Мичурино сияқты елді мекендердің кәріз жүйесіне қатысты проблеманы ретке келтіретін кәріз сорғы станциясының құрылысын бастаймыз.
Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, Интернациональный елді мекенінде 54 жыл бұрын салынған №44 орта мектеп аумағында алдағы көктемде жаңа корпус салуға кірісеміз. Конкурс өткізілді, мердігер анықталды, қаражат бөлінді. Оқу орнының жаңа корпусы тағы 1200 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді (2 ауысымда). Емхана бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталған соң биыл емхана құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші бойынша жастар спортпен шұғылдануы үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалауды бастаймыз. Кездесуде түскен сұрақтар назарымызға алынды. Аудандар мен елді мекендер тұрғындарымен тұрақты кездесіп тұрамыз. Елді мекендерді дамыту Мемлекет басшысының бақылауында», - деп жазды елорда әкімі.