Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 13 қыркүйек күні елордаға автралиялық оратор, меценант, «Жизнь без границ», «Неудержимый», «Любовь без границ», «Будь сильным» және тағы да басқа мотивациялық кітаптардың авторы Ник Вуйчич келіп, тренинг өткізді. Өмірге аяқ-қолсыз келсе де алдына қойған мақсатына жетіп, миллиондаған адамдарға шабыт сыйлаған Ник Вуйчич өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Тренингке қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов керемет әсер алып, шабыттанып тұрғанын айтты.
«Бұл танымал коучерлердің жұмыс жоспары алдын ала 3-5 жыл бұрын жазылып қойған. Нұр-Сұлтанға уақыт тауып келгендеріңізге рақмет. Осы кездесу кешінде не айтатыным туралы алдын ала дайындалмаған едім. Бұл жерге келіп, шабыттанып тұрмын. Енді әріптестерімді қалай жұмыс істетуім керек екенін білемін. Алдығы мақсат қойып, күн сайын сол мақсатқа жету үшін ұмтыла беру керек. Мемлекеттік қызметкерлерді де оқыту керек, себебі білім – үздіксіз жүруі керек процесс. Осы жерде отырған 3,5 мың адам бұдан былай жалқаулықты қалай жеңу керек екенін білетін болады», - дейді Алтай Көлгінов.
«Бүгін түске дейін жарты сағатқа келіп, тренингке қатысып кеттім. Бізге ақ параққа он мақсатымыз туралы жаздырды. Одан кейін сол 10 мақсаттың ішіндегі ең маңызды деген үшеуін таңдауымыз керек екенін айтты. Бұл тапсырманы орындап болғаннан кейін «Енді қасыңызда отырған адамға осы үш мақсатыңыз туралы айтыңыз» деді. Менің қасымда Арман Ержан есімді азамат отырды. Ол маған осы уақытқа дейін тәуекел етіп, қорықпай істеген әрекеті, орындалған мақсаты – елордамызға көшкені екенін айтты. Менің де орындалған мақсатымның бірі – елордаға көшіп келуім болатын. Осыдан 18 жыл бұрын осы қалаға көшіп келгенмін. Нұр-Сұлтан – ерік-жігері мықтылардың қаласы. Армандарыңыз орындалсын», - дейді ол.
Тренингте берілген тапсырмалардың бірі – 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін орындауға міндетті үш мақсат туралы жазу.
«Негізі нені армандайтыныңды жариялап айта беруге болмайды. Менікі арманнан гөрі нақты мақсатқа ұқсайды, сол себепті жариялап айта берейін. Мен ақ параққа елордамызға қажетті 3 инновациялық жобаны іске асыру керек екендігі туралы жаздым. Егер күш біріктіре жұмыс істесек – біздің қолымыздан келмейтін нәрсе жоқ», - деді ол.