Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала басшысы Алтай Көлгінов қаланы аралау барысында үлестік құрылыс нысандарына барды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші Абай көшесі 13/1 мекен-жайында орналасқан екі мұнарадан тұратын "Столичный-2" тұрғын үй кешенінде болды. Үлескерлердің жалпы саны - 206 адам. Инвестор екінші кезектегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, "Мемсараптама" РМК-ға тексеруге жіберді. Басты мәселе бүгінгі күні жобаға авторлық құқықтың берілмеуі. Үлескерлердің айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі пәтерге қарағанда адамдардың саны көп."Маусым өтуде. Біз уақытты бос жіберіп алмауымыз керек. Проблемалық мәселелер жинақталуда, біз мәселенің басын ашатын боламыз. Күн сайын жоспарға сай жұмыс жасалуы керек. Ең бастысы жұмыс тоқтап қалмау тиіс", - деді Алтай Көлгінов.
Әкім техниканы аумақта жұмылдыру және құрылыс жұмыстарына кірісу қажеттігін атап өтті. Екінші нысан Ш. Қосшығұлұлы 6/2 көшесінде орналасқан "Ақерке-2" тұрғын үй кешені болды. Үлескерлердің жалпы саны - 173 адам. Жұмыстардың қалдық көлеміне сметалық құжаттама бойынша "Мемсараптама" РМК қорытындысы алынды.
Мәселен, құрылыс салушыға сметалық құжаттамамен және сыртқы инженерлік желілермен бірге 2-ші кезектегі жұмыс жобасын әзірлеуге кірісу қажет. Үлескерлердің айтуынша, көпшілігі өз жерлерін сатып, несие алып, құрылысы 2015 жылы аяқталуы тиіс "Ақерке-2" тұрғын үй кешеніне қаржы салған.
"Жұмысты өз кезеңімен жүргізу қажет. Екінші нысаннан бос орындарды сату бойынша құрылыс салушының ұсынысы қарастырылатын болады. Бірінші және екінші объектілерде жұмысты қайта бастау қажет. Құрылыс маусымы жақын арада аяқталады, нәтижесін көрсетесіздер", - деді қала басшысы.
Жалпы елордада 51 аяқталмаған нысан бар.