Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 6 мыңға жуық адам індет жұқтырған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Елордада коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 5984-ке жетті. Олардың 54 пайызы жазылып шықты (3248 адам). Өкінішке қарай, 61 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарлар саны көбейтіліп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, стационарлардағы орындар ұлғайтылды. Мысалы, КВИ карантині басталған уақытта тек қана үш стационар болып, мыңға жуық орын болса, қазіргі уақытта біз стационарлар санын 13-ке көбейттік немесе 3 700-ден астам орын бар. Бірақ оның 87 пайызы толған. Онда дәрігерлер азаматтарды емдеп жатыр, - деді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге, вирус жұқтырған жүкті әйелдерге арнайы перинаталдық орталық ашқан.
Республикалық ұлттық ғылым-орталықта 240 адамға арналған орын аштық. Оның 40-ы реанимация бөліміне кіреді. Кардиорталықта 60-тан астам ауыр халдегі науқастарға реанимация бөлімін аштық. 1 аурухана толығымен коронавирус стационарына ауыстырылды. Ондағы пациенттер басқа ауруханаларға жіберілді.Сонымен қатар, "Рамада плаза" қонақ үйінде 500 орын ашылды. Онда толыққанды стационар жұмыс атқаруда. Оның 60 пайызынан астамы науқастармен толды. Егер эпидемиялық жағдай әрі қарай өзгеретін болса, қосымша мыңнан астам орын ашуға әзірміз, - дейді әкім.