Алқабилер, электрондық білезіктер және қысым: Қазақстанның сот жүйесінде не өзгерді

Бөлісу:
Алқабилер, электрондық білезіктер және қысым: Қазақстанның сот жүйесінде не өзгерді
Фото: Жоғарғы Сот

Соңғы уақытта сот жүйесінде қандай негізгі реформалар енгізілді? Бұл өзгерістердің мақсаты қандай? Қазақстанның сот жүйесі қалай жұмыс істейді? Осы және өзге де сұрақтарға Жоғарғы Сот судьясы, Қылмыстық сот ісін жүргізу бойынша үйлестіруші судья Еркеш Мәукен жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Қазақстанның барлық сот жүйесі жаңғыру үстінде. Судья саладағы негізгі бірнеше реформаға тоқталды.

Полиция-прокуратура-сот

Судья Еркеш Мәукен қылмыстық сот ісін жүргізудің үш деңгейлі моделі туралы айтып берді.

Қазақстанда Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, полиция, прокуратура және соттың жауапкершілік салалары белгіленген қылмыстық сот ісін жүргізудің үш деңгейлі моделі енгізілді.

Жаңа үлгі бойынша полиция дәлелдемелерді жинайды, прокурорлар бағалап, айыптауды қолдайды, ал соттар үкім шығарады. Тергеушінің әрбір негізгі шешімін прокурор бекітеді, ол айыптау актісін жасайды. Бұл тәсіл азаматтардың құқықтарының бұзылуын барынша азайтып, сотқа түсетін істердің сапасын арттырды, - деді ол.

Электрондық қылмыстық сот ісін жүргізу институты белсенді дамып келеді.

Заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен бүгінде істердің 90 пайызы тергеліп, кейін сотта электронды форматта қаралады. Бұл қағазбастылық пен материалдарды бұрмалауды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.

Дегенмен, реформалар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысымен ғана шектелген жоқ.

Қылмыстық сот төрелігін дамытудың негізгі векторлары 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған.

Сондай-ақ судья апелляциялық органның рөлін күшейту мәселесіне тоқталды.

Оны жүзеге асыру нәтижелерінің бірі апелляциялық органның рөлін күшейтетін заңнамалық өзгерістер болды. Өткен жылдың шілде айынан бастап апелляциялық шағым бірінші инстанцияның шешімімен келіспеген жағдайда бұдан былай істерді кері қайтармайды, өзін мәні бойынша қарап, үкім шығарады, - деп түсіндіріп берді Мәукен.

Бұл шара соттардың түпкілікті шешімге жауапкершілігін арттырып, соттардағы қағазбастылықты жойды.

Судьяларға қысым қалай жойылады?

Судья Еркеш Мәукен қауіпсіздік органдары судьяларға жасалған қысымды жою үшін маңызды шаралар қабылдағанын айтты.

Енді судьяларға қатысты жедел іздестіру әрекеттері тек Бас прокурордың рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұрын бұл санкцияларды облыс прокурорлары берген.

Алқабилер сотының қалай жұмыс істейді?

Алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің соттылығы тұрақты түрде кеңейіп келеді.

Бұрын алқабилер тек аса ауыр қылмыстар туралы істерді қараса, енді кейбір ауыр және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша істерді де қарайды.

Осы жерде бірнеше статистикалық мәліметтерді келтірсек. Былтыр алқабилер 97 іс қараса, биыл 196 немесе 2 есеге артып отыр. Сондай-ақ біздің алқабилер алқасына кандидаттар тізімдері адам қателігі факторын толығымен жойған жасанды интеллект арқылы құрылатынын атап өткім келеді, - дейді судья.

Оның айтуынша, алқабилер сотының мандатын кеңейтуге қоғамның сұранысы жыл сайын артып келеді.

Кассациялық сот қалай жұмыс істейді?

Кассациялық сотта да түбегейлі реформалар жүргізілді.

Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша үш кассациялық соттар жұмыс істей бастайды.

Жаңа соттарға кассациялық тәртіпте істерді қарау өкілеттігі беріліп, жоғары сот органы барынша сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Бұл реформаның негізгі мақсаты – кассациялық сатыға толық қолжетімділікті ашу, өйткені бүгінгі күні азаматтардың аз ғана бөлігі істерді кассациялық тәртіпте қайта қарауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ кассациялық соттардың құрылуы инвестиция мен бизнестің келуіне жағдайды жақсартады деп күтеміз. Жаңа соттар “толық кассация” қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл деген сөз өтінішхаттарды алдын ала қарау жойылады, яғни олар дереу өндіріске қабылданады және мәні бойынша қаралады. Осылайша, әрбір мүдделі азамат істі үш сотта: бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыда қарауға құқылы болады, - деді судья өз сөзінде.

Кассациялық сатыдағы сот ісін жүргізудің барлық түрлері үшін шағым беру мен істерді қараудың бірыңғай ережелері болады.

Бұл тәсіл Конституцияда бекітілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруды толық қамтамасыз ететініне сенімдіміз.

2025 жылы сотталғандардың өтініштері алқабилердің қатысуымен қаралады

Жоғарғы Сот судьясы Еркеш Мәукен шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза түрін ауыстыру саласындағы өзгерістер туралы айтып берді.

Жазаларды орындау мәселелері де реформалардан тыс қалған жоқ. Жоғарғы Сот сотталғандарды тезірек әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.

Осы ретте, алқабилердің қарауына ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза түрін ауыстыру туралы өтініштерін беру жоспарланып отыр. Тиісті пилоттық жоба 2025 жылдан бастап іске қосылатын болады.

Бұл жоба бірегей және әлемде баламасы жоқ. Сотталғандардың өтініштерін алқабилердің қатысуымен қарау соттар шығаратын шешімдердің объективтілігі мен әділдігін айтарлықтай арттырады деп күтеміз, - деп айтты Жоғарғы Сот судьясы.

Электрондық білезіктер не үшін қажет?

Белсенді іске асыру сатысында тұрған Жоғарғы Соттың тағы бір бастамасы – электронды білезіктерді қолдану жобасы. Бұл жүйе күдікті адамның қашып кетуі мүмкін және қылмысты жалғастыруы мүмкін деген үрейді жояды, өйткені білезік дереу тергеу органына сигнал береді, - деді судья.

Үйқамақ таңдау және білезік тағу кезінде тергеудегі адам үйінде қалады, өмір салтын сақтайды, тіпті жұмыс істей алады.

Сондай-ақ, электронды бақылау құралдарын қолдану мемлекет үшін өте тиімді екенін айту керек.

Айына бір адамды қамауда ұстау бюджетке 750 мың теңге немесе 1,5 мың АҚШ долларын құрайды. Ал бір білезікті жалға алу айына 30 АҚШ доллары (15 мың теңге) немесе 50 есе арзан. Биылдың өзінде үйқамаққа алынғандардың 60 пайызына білезік қолданылған. Бұл 21 жылмен салыстырғанда 40 есе көп. Бұл жұмысты жалғастыруды көздеп отырмыз, - деп түсіндірді Мәукен.

Соттардың жұмысында цифрлық технологиялар қалай қолданылады?

Қазақстанның қазіргі сот жүйесін электронды технологияларсыз елестету өте қиын. Цифрландыру бүгінде соттар жұмысының барлық кезеңдерін қамтиды. Олар: құжаттарды беру, істерді, электрондық істерді және АВФ хаттамаларын тарату, істерді қашықтықтан қарау, цифрлық көмекшілер арқылы сот актілерін шығару, сот істерімен онлайн танысу. Онлайн-қызметтердің даму деңгейіне сәйкес, соның ішінде сот төрелігін жүзеге асыру секторымен басланысты саласында Қазақстан өткен жылы БҰҰ мониторингіне енгізілген 193 елдің ішінде 8-орынға ие болды, - деді Жоғарғы Сот судьясы Еркеш Мәукен.

CEPEJ-ке енген Еуропа елдерінің ішінде Қазақстан соттардың IT-технологияларды қолдануы бойынша 4-орынды иеленді.

2022 жылдан бастап соттарда жасанды интеллект элементтері, соның ішінде роботизация енгізіліп жатыр.

Алгоритмдерге сүйене отырып, робот заң бойынша соттың қарауында болмаған жағдайларда сот актілерінің жобаларын дайындайды. Соңғы шешімді судья қабылдайды. Бұл судьяларға күрделі істерге назар аударуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бұл функционал әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша қолданылады, ал алдағы уақытта қылмыстық істер бойынша да қолданылады.

Сондай-ақ соттар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдететін және судьялардың жұмысын жеңілдететін басқа да электронды сервистер бар. Бұл жұмыс әлі де өзінің жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы