Елімізде туризм әлеуеті артып келеді. Әсіресе Қазақстанның мәдени астанасы - Алматы қаласы әлем үшін тартымды қалалардың біріне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталық Азия елдері арасындағы туристік іздеу сұрауларының 29,7%-ы Алматының үлесіне тиесілі. Сондай-ақ оның ішінде халықаралық рейс 27,4%-ға өсті, ол 1,23 млн адам, ал отандық рейс 25,5% -ға өсті, ол 1,52 млн адамға дейін.
Tourism Insights аналитикалық платформасының деректеріне сүйене отырып, Mastercard Data & Services сарапшылары туристік индустрияның негізгі трендтері туралы қорытынды ұсынды. Бұл қорытындылар Алматыда өткен «Туристің профилі. Орташа чек, үрдістер мен қалаулар» атты брифингте сарапшылар тарапынан талқыланды.
Mastercard Data & Services компаниясының басқарушы кеңесшісі Бауыржан Жазықбаевтың айтуынша, Алматы қаласы туристер үшін ең тартымды қалаға айналды.
Біз ең алдымен туризм саласындағы нақты бағыттар мен статистикамен бөліспекшіміз. Онымен қоса әлемдік туризм жайында да сөз етпекпіз. Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде туристер үлесі төмендеген болатын. Ал бүгінде біз туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанының куәсі болып отырмыз. Туризм саласында бағаның да өскенін байқап отырмыз. Оған негізгі екі себеп бар. Біріншісі инфляция, екіншісі жұмыс күшінің айлығын өтеу мақсатында бағалардың өсуі. Одан бөлек әлемдік концерт пен спорттық жарыстар, арнайы іс-шаралар мен концерттер кезінде туристер санының артуы байқалады. Алматы қаласына келетін туристердің қалаулары жан жақты зерттелді. Оған әр түрлі әлеуметтік желілілер қатысты. Сонымен қатар арнайы платформалар арқылы зерттелді. Бізге келген туристер әуе қатынасы арқылы, ерте брондау мен берілген тапсырыстар арқылы анықталды. Сонымен қатар турист белгілеген геолокация арқылы да сарапталды. Осылайша әр түрлі платформалар арқылы бізге келетін туристер жан- жақты зерттелді,-деді Бауыржан Жазықбаев.
Орталық Азия елдері ішіндегі сұранымдардың ең көбі Алматы қаласындағы туризмге бағытталған. Бұл қаланың туризм әлеуеті дамып жатқандығын білдіреді. Алматыға тұрақты келетін туристер саны биыл 24 пайызға артты. Алдын ала брондау арқылы Алматыға Түркия елінен көп сұраныс берілген. Бұл екі ел арасындағы сауда әрі бизнестік бағыттың дамуын көрсетіп отыр. Сонымен қатар Алматыны туристерге тартымды етіп тұрған сұлу табиғаты мен қысқы «Шымбұлақ» шаңғы кешені. Әлемнің көптеген қалаларында мұндай шаңғы курорттары шалғай орналасқан. Ал Алматыдағы тау шаңғы курортына 20 минутта жетуге болады. Бізге келетін туристер көбінесе Алматы қаласының маңындағы «Шарын шатқалы», « Көлсай», «Ұлттық парктерге» барғанды жөн көреді. Ал Алматы қаласында туристерді қызықтыратыны «Арбат», «Президент саябағы» мен «Вознесенский шіркеуі». Мамандар Алматыға ағылатын туристердің санын арттыру үшін қалада туризм инфрақұрылымын дамытуға баса назар аудару керек екенін айтып өтті. Жиын барысында Ұлттық сатистика бюросы стратегиялық жоспарлау агенттігінің басшысы Дәулет Багисов, туризм саласы бойынша деректер қалай жинақталатынына тоқталды.
Туризм саласына қатысты деректер H-50, H-60, 2-турист формалары бойынша толтырылады. Бізде бұл анкеталар аймақ бойынша қағазға толтырылады. Ал аймақтық органдар базаға тіркейді. Ал қазіргі таңда бұл анкеталар онлайн режімде толтырылады. Ал мәліметтер ортақ базаға тіркеледі. Респонденттерге жүктемені азайту мақсатында «Орналастыру орындарының қызметі туралы есеп» (2-туризм) статистикалық байқауын алып тастап, орналастыру орындары бойынша статистиканы қалыптастыру кезінде балама ретінде eQonaq деректер базасын пайдалану жоспарлануда. Бізге келген туристерге электронды почта арқылы, болмаса қоңырау шалу арқылы анкеталық мәліметтер алынады. Біз осы арқылы туризм саласының статистикасын бақылап отырамыз,- деді.
Ал «Алматы туризм бюросы» маркетинг және стратегиялық анализ департаментінің басшысы Руслан Жанабаев қазіргі таңда Алматы қаласын әлемге таныту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, біз Алматының туризм әлеуетін дамытып, әлемге танытуымыз керек.
Қазір қонақ үй нарығы өте жылдам өсуде, өйткені қонақүйлерді толтыру 87% құрайды - әсіресе бес жұлдызды қонақүйлерде бос нөмірлерді табу қиын. Бұл қаладағы бөлмелер санын көбейту қажеттігін көрсетеді. Шетелдік туристің бес күндік чекі 1500 доллар. Зерттеуге сәйкес, шетелдік туристер осы соманың 57% тұруға жұмсайды: біздегі қонақүйлердің бағасы төмен емес. Біз Tripadvisor жарнамасына $28,3 мың инвестиция салдық, экономикалық пайда $214,4 мың болды - осы платформа арқылы сатып алынған қызметтердің бірдей көлемі. Біз сондай-ақ билеттер мен тұруға маманданған Expedia-ға 26 500 доллар инвестиция салдық - 195 000 долларға қызмет сатып алынды. Науқанға байланысты Алматыға келген туристердің үлесі 24 пайызды құрағанын атап өткім келеді,-деді Руслан Жанабаев.
Алматының туризм әлеуетін арттыру үшін әлемдік блогерлерді шақырып, қаламыздың көрікті жерлерін көрсету де орын алған дейді сарапшылар. Алдағы уақытта Алматыны әлемге таныту мақсатындажұмыстар жалғасатын болады.