Алматының шеткі аудандарында тұратын халық автобустардың аздығына наразы

29 Мамыр 2023, 14:42
1851
Бөлісу:
Алматының шеткі аудандарында тұратын халық автобустардың аздығына наразы
Фото: автордан

Алматының шеткі аудандарында тұратын халық қоғамдық көліктердің аздығына, тікелей бағыттың жоқтығына шағымданып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сөздеріне сенсек, жұмысқа уақытылы қатынау мүмкін емес.

Алматыда жолаушылар саны жұмыс күндері 1,5 миллион адамнан асады. Ал демалыс күндері шамамен 700-800 мың адамға жетеді. Тұрғындардың басым көпшілігі 4-5 сағатын жолға арнайды.

Алматының шеткі аудандарында тұратын халық автобустардың аздығына наразы

Менің «Шұғыла» ықшамауданында тұрып жатқаныма 3 жылдың көлемі болды. Бастапқыда қалаға жаңадан қосылды, бәрі жақсарады деген үмітте болдық. Жұмыстан емес, қоғамдық көліктен шаршап кетеміз. Қалаға жету үшін 2-3 автобусқа отырамын. Себебі, үйімнен тікелей қатынайтын бағыт жоқ. Абайдың бойында «118» деген жалғыз автобус бар. Оның іші лық толы. «Шұғыла» ықшамауданынан Достық, әл-Фараби, Төле би, Райымбек арқылы тікелей қатынайтын бағыт жоқ. Қоғамдық көліктер мүлде реттілікті сақтамайды, 30 мин кешігеді, оның іші де адамдарға толы. Өте ыңғайсыз. Осы мәселе қашан шешіледі?, – дейді Гүлмира Әділхан есімді қала тұрғыны.

Аталған мәселеге байланысты Наурызбай ауданының әкімдігіне хабарластық. Мамандар алдағы уақытта 40 автобус жаңартылып, қосымша 20 жаңа аялдама орнату жоспарланып отырғанын атап өтті.

Алматының шеткі аудандарында тұратын халық автобустардың аздығына наразы

Өткен 2022 жылы ауданда 4 жаңа қоғамдық көлік маршруты ашылып, 4 маршрут ұзартылды. Оған қоса, 13 маршруттағы 173 автобус жаңартылды. Сондай-ақ, тұрғындар өтініші бойынша ауданда 12 аялдама кешені жабдықталды. Осы жылы 40 автобусты жаңартып, қосымша 20 жаңа аялдама орнату жоспарланған. Қоғамдық көлік интервалдарын қысқарту үшін жолаушылары көп 6 маршрутқа (№44, 55, 115, 137, 118, 212) 86 жаңа автобусты қосып, көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Мектеп автобусы» жобасы аясында Наурызбай ауданындағы 2 мектепке автобустар (№186 – 3 автобус, №200 – 2 автобус) осы наурыз айында бөлінеді. Жалпы, 5 мектеп автобусы 2000 оқушыны қамтуы керек, – делінген Наурызбай ауданының әкімдігінің хабарламасында.

Бұған дейін, адам лық толы автобустардың видеосы Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде жарияланатын еді. Айта кетейік, бұндай жағдай қарбалас уақытта таңертең, кешке үнемі қайталанады.

Алматының шеткі аудандарында тұратын халық автобустардың аздығына наразы

Сонымен қатар қала маңындағы елді мекендерде қалаға қатынайтын тікелей бағыт жоқ.

Жолаушылар саны мен өтініштерді талдау нәтижесіне сәйкес, автобустардағы адамның көбеюі бойынша ең ауыр жүктеме қарбалас уақытта қала маңындағы маршруттарда байқалды. Жолаушыларды көбірек қамту үшін әкімдік қала маңындағы елді мекендерді (Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандары) Алматы қаласымен байланыстыратын 22 жаңа тұрақты қала маңы маршруттарын ұйымдастырды. Көлік саны 300-ден асады. Сонымен қатар  20-дан аса қалалық маршруттардың схемалары қала маңындағы аймақты қамтиды, бұл агломерация аумағын қоғамдық көлікпен қамту көлемін арттырады. Жаңа автобустар іске қосылды, – делінген Алматы қалалық Мобилділік басқармасында.

Бүгінгі күні, Алматыда 158 тұрақты қала және қала маңында жүретін маршруттар бар, оларға жоспар бойынша 2079 автобус тартылған. Ал 2030 жылы мегаполис халқының саны 3 миллионға жетсе, алып шаһарға бұл автобустардың аздық ететіні жасырын емес.

Өзгелердің жаңалығы