Алматының Наурызбай ауданында демалыс күндері суық су болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
10 және 11 маусымда Қарғалы, Құрамыс, Қарағайлы, Таусамалы, Ақжар, Тастыбұлақ, Таужолы, Қалқаман-2 (оңтүстік бөлігі) шағын аудандарына су беру уақытша тоқтатылады.
Ауа температурасының жоғарылауы нәтижесінде таулардағы қар жамылғысының қарқынды еру процесі басталды, бұл өзендердегі ағынды сулардың көбеюіне және судың ластануына әкелді. Ақсай және Қарғалы өзендеріндегі бастапқы судың лайлануының артуына байланысты сүзгі станцияларынан су алу уақытша тоқтатылды, - делінген хабарламада.
Су берудегі шектеулер қолданылу кезеңінде сумен жабдықтау автоцистерналармен қамтамасыз етіледі.