Алматының Медеу ауданында вакцинациялау қалай жүріп жатқаны айтылды

16 Сәуір 2021, 11:48
1423
Бөлісу:
Алматының Медеу ауданында вакцинациялау қалай жүріп жатқаны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев онлайн брифингте ауданда вакцина салу жұмыстары қалай ұйымдастырылғанын баяндады.

Оның айтуынша, Медеу ауданында медициналық мекемеге тіркелген 212 386 адам бар. Оның ішінде 18 жасқа дейінгілерді есептемегенде 154 400 адамдай бар көрінеді. Солардың 70 пайызына екпе салынады деп жоспарланған, ол - 108 181 адам.

Бүгінге дейін ауданда 15 мыңға жуық адам екпе алды. Оның 1500-і білім беру саласының қызметкерлері, 1600 адам құқық қорғау органы қызметкерлері, студенттер – 1100. Қалған 9 мыңдай адам ауданның өз еркімен келген тұрғындары. Екпе салдырғандар ішінде 44,4 пайызы 18-45 жас аралығындағылар. 45-65 жас аралығындағылар – 37%, 65 жастан жоғары – 18 пайызды құрап отыр, - деді Нұрлыбаев.

Ауданда 18 мекен жайда 29 екпе салу пункті құрылған. Сондай-ақ «Көкбазар» аумағында және «Достық Плаза» сауда үйі, Республика сарайында екпе салу орындары ұйымдастырылған. Бұның барлығы аудан тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жасалған.

Айта кетсек, өткен тәулікте Алматы қаласы бойынша 8 890 адам вакцина салдырған. Ал ақпанның 1-нен сәуірдің 15-не дейін вакцина алғандар саны - 116 959.

Сондай-ақ кеше 673 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды, оның 551-і симптомдық белгілері бар және 122-сі - симптомсыз.


Өзгелердің жаңалығы