Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Мемлекеттік рәміздер күніне орай қаланың барлық ауданында еліміздің Әнұраны бір мезгілде қосылады.
4 маусымда Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл күні Алматы әкімдігінің бастамасымен сағат 13.00-де мемлекеттік Әнұранды қосу және орындау үшін флешмоб өтеді. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарын осы акцияға қосылып, Әнұран шырқалған кезде барлық тәртіп ережелерін сақтай отырып, мемлекеттік Әнұранды орындауға шақырады.
Қала тұрғындары мемлекеттік Әнұранды саябақтар мен скверлер, жаяу жүргіншілер көшелері, метро стансалары мен вагондар аумағында, СОСО, «Медеу» биік таулы кешені мен «Шымбұлақ» курорты, сондай-ақ «Көк Төбе» саябағында тыңдай алады.
Акцияның мақсаты – азаматтық пен патриоттыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, елдің мемлекеттік рәміздеріне деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіну.
Еске салсақ, мемлекеттік Әнұранды көпшілік алдында орындау кезінде жиналғандар тұрып ән айтады (тыңдайды), ал Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Мемлекеттік Әнұран мәтіні мен музыкалық басылымға сәйкес мемлекеттік тілде орындалады.