Алматылықтар тротуар плиткаларын қайта ауыстыру жұмыстарына наразылық білдірді

9 Қыркүйек 2026, 12:37
АВТОР
 Фото: Threads 9 Қыркүйек 2026, 12:37
9 Қыркүйек 2026, 12:37
67
Фото: Фото: Threads

Алматы тұрғындары қала көшелеріндегі тротуар плиткаларын қайта ауыстыру жұмыстарына наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, көптеген жерде төселген плиткалар әлі де жақсы күйде және пайдалануға жарамды болған. Соған қарамастан, ескі жабын алынып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Әкімдік тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тұрғындар мұндай жұмыстардың қаншалықты қажет екенін түсіндіруді сұрап, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты сұрақ көтерді. Әлеуметтік желілерде де бұл мәселе қызу талқыланып жатыр.

Абай даңғылындағы жап-жақсы плитка. Ал оны қайтадан ауыстырайын деп жатыр. 

Алматының күнделікті тіршілігі. Абай-Масаншы көшелерінің қиылысы. Барлық жұмыс жаңбыр басталғанға дейін асығыс жүргізіліп жатыр ма? Жұмысты жаздың соңында емес, алдын ала қалыпты жоспарлауды қашан үйренесіздер? Алматы әкімдігі, қаланың бәрі қазылып жатыр, бірақ мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқаны сезілмейді.

Абай даңғылындағы плиткалар. Оны ауыстырудың мән мағынасы бар ма?, - дейді алматылықтар. 

Алматы әкімдігі не дейді? 

Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының КММ хабарлауынша, қазіргі уақытта Абай даңғылының Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейінгі бөлігін «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша кешенді абаттандыру жобасы іске асырылып жатыр екен. Жоба аясында тротуарлардағы қолданыстағы брусчатка жабынын неғұрлым ұзақ мерзімге жарамды гранит жабындысына ауыстырумен қатар, қалалық ортаны кешенді жаңарту көзделген.

Жоба шеңберінде аумақты көгалдандыру, оның ішінде ірі көлемді ағаштар, бұталар мен гүл композицияларын отырғызу, автоматтандырылған суару жүйесін орнату, сыртқы жарықтандыруды, шағын сәулет нысандарын жаңарту, сондай-ақ жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен абаттандыру элементтерін заманауи стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары қарастырылған, - делінген әкімдіктің редакцияға берген жауабында.

Бұл ретте, одан әрі пайдалануға жарамды бөлшектелген брусчатка кәдеге жаратылмайды. Жабын Алматы қаласының аудан әкімдіктеріне екінші дәрежелі көшелер мен аулалық аумақтарда қайта пайдалану үшін беріледі.

Осылайша, әкімдік мәліметінше, Абай даңғылындағы жұмыстар аумақты «қасбеттен қасбетке дейін» кешенді абаттандырудың бір бөлігі. Жобаның негізгі мақсаты – бірыңғай, жайлы әрі функционалды қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

Наверх