Робототехникадан әлем чемпионатының алтын жүлдегері алматылық оқушы Айви Лигасына кіретін университтен шақырту алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
17 жастағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Иманәлі Көксал Пенсильвания университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды.
Бұған оның оқудағы жетістігі мен робототехникаға деген құштарлығы себеп болды.
Иманәлінің робототехникаға деген қызығушылығы 7-сыныпта басталған. Ал халықаралық First Global Challenge (FGC) байқауына қатысуы оның бұл құштарлығын еселей түскен.
Сингапурдағы FGC 2023-те инженер болудан бөлек, матчтар кезінде жүргізуші болдым және роботты басқардым. Бұл стресске төзімділікті қажет етеді. Жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алдық. Бұл команданың ауызбіршілігі және табандылығы мен еңбек етуінің нәтижесі екенін көрсеттік, — деді Иманәлі.
Дәл сол уақытта Қазақстан құрамасы робототехника бойынша екінші рет әлем чемпионы атанды. Дарынды оқушы инновациялық жобаларды әзірлеумен де белсенді айналысады. Мәселен, ол есту қабілеті нашар адамдарға арналған ақылды сағат жасап шығарды.
Бұл сағат есту қабілеті нашар адамдарға вибрация арқылы күмәнді немесе қауіпті дыбыстар туралы ескертеді. Мен мұқтаж адамдардың өмірін жақсартатын технологияны жасағанымды мақтан тұтамын, — дейді 17 жастағы чемпион.
Иманәлі болашақта Қазақстанның технологиясы мен экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Сондықтан Пенсильвания университетін таңдағанын айтады.
Wharton School бизнес мектебі әлемде бірінші орында болғандықтан осы университетті таңдадым. Университет тек білім беріп қана қоймай, студенттердің әлеуметтік өмірін дамытады, бұл мен үшін өте маңызды. Мен алған білімімді өз елімнің дамуына жұмсау үшін еліме қайтып оралуды жоспарлап отырмын. Менің оқиғам жастарды өз армандарына ұмтылуға және ешқашан берілмеуге шабыттандырады деп үміттенемін, — деп қорытындылады оқушы.