Алматылық еріктілер 10 мыңға жуық есірткі жарнамасын жоюға көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері 624 есірткі қылмысы ашылған. Заңсыз айналымнан 405 келіден астам есірткі, оның ішінде "синтетика" есірткі заттары тәркіленді.
Жалпы жедел-іздестіру шараларымен қатар нашақорлықтың алдын алу және халықтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Алматыда жыл басынан бері нашақорлыққа қарсы 585 профилактикалық іс-шара жүргізілді. Бұл мәселеде еріктілер бізге жан-жақты көмек көрсетуде. Олардың белсенді атсалысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 9 мың 908 граффити суреті табылып, үстін бояп тастау арқылы жойылды. Есірткі саудасын насихаттаған 31 "суретші" ұсталды. Сонымен қатар есірткіні таратумен және жарнамалаумен айналысатын 450 интернет-ресурс бұғатталды, – дейді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Сондай-ақ спикер биыл қалада 19 есірткі зертханасының жойылғанын, 88 есірткі бетбелгісін қоюшылардың ұсталғанын, 2 есірткі қоймасының жолы кесілгенін айтты.