Алматылық дәрігерлер балаларға күрделі микрохирургиялық операция жасады

22 Желтоқсан 2022, 21:03
1820
Бөлісу:
Алматылық дәрігерлер балаларға күрделі микрохирургиялық операция жасады

Алматыдағы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасында ресейлік микрохирург Андрей Вайтингердің қатысуымен екі күндік шеберлік сабағы өтті. Шара барысында пациенттер білікті дәрігерлерлерден консультация алды, мукополисахаридоз ауруымен ауыратын 9 балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен операция жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірегей күрделі оталарды ресейлік маманмен бірге аурухананың травматология және ортопедия бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалин мен балалар хирургі Ұлжан Солтанбекова жасады. 

Операциялардың бәрі шағын инвазивті әдіспен жасалды. Арнайы құралдардың көмегімен жасалған хирургиялық манипуляция саусақтардың қозғалысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бірегей операцияларды жасау арқылы біз де алдағы уақытта кәдеге жарайтын үлкен тәжірибе жинақтадық, - деді Ерлан Садырбалин.

Мукополисахаридоз (МПС) – ағзада гликозаминогликандардың жинақталуы салдарынан болатын тұқым қуалайтын ауру. Дәнекер тіндерді зақымдайтын дерт салдарынан жүйке жүйесі, көзі, ішкі органдары мен қимыл-қозғалыс аппаратының жұмысы бұзылады. МПС әлемде 100 мың адамның 50-інде кездесетін сирек (орфандық) ауру.  

Қолдың басы мен жүйке жүйесінде туабітті және жүре пайда болатын сырқаттарды емдеуге бағытталған шеберлік класы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасы және «Милосердие» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

Еске сала кетсек, операциялар МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылды. Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылады.

Өзгелердің жаңалығы