Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барып, оларды келе жатқан мерекемен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала басшысы ардагерлерге ерлігі үшін ризашылық білдіріп, сыйлықтар табыс етті және 9 мамырда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтетін Мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне шақырды.
Ерболат Досаев 16 жасында соғысқа аттанған Бисенғали Жұбаниязовқа арнайы барды. 1942 жылы Рига жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін жас өрен 40-шы армия бригадасының құрамына кірген. Смоленск маңында алғашқы ұрысқа кіріскен. Батылдығы мен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталды. Кескілескен ұрыстың бірінде қатты жарақаттанып, жеңісті Солтүстік майданда қарсы алыпты.
Қала әкімі Бисенғали Айтжанұлының өмір жолы ерліктің, өрліктің және әскери борышқа адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Сізді көргеніме өте қуаныштымын! Былтыр жеңіс күнін тойлау кезінде айтқан сөзіңіз, ақылыңыз және жылы тілегіңіз әлі есімде. Тағы бір жыл өтті, сізді осы мерейлі мерекеде деніңіз сау, тату-тәтті отбасының арасында жақсы көңіл-күйде отырғаныңызды көру үлкен бақыт. Меніңше, сіздің балаларыңыз бен немерелеріңіз бақытты жандар, өйткені сіздей Ұлы Отан соғысындағы жеңіс, ортақ болашағымыз үшін қажырлы еңбек сынды талай игі іс тындырған ақсақал, әулет басшысынан бата алып отыр. 2 жылдан кейін сіздердің мерейтойларыңыз болады, сіздің 100 жылдығыңызда тағы да кездесіп, тойлауды жазсын, - деді кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Ардагер өз кезегінде ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті.
Қазір жасым 98-де. Денсаулық – бұл ең әуелі тәртіп. Мен ерте тұрамын, жаттығу жасаймын, төсек жинаймын. Бәрін өзім жасаймын, тек өзіме сенуге тырысамын. Бұл сергек жүруге көмектеседі. Менің ойымша, өмірде әрқашан тәуелсіз болу керек. Мұны біздің болашақ ұрпағымызға да тілеймін, – деп кеңес берді Бисенғали Жұбаниязов.
Владимир Белозеровтың балалық шағы ерте аяқталды. 18 жасында майданға аттанды. Владимир Дмитриевич Украинаны азат етті – Харьков пен Кременчугтағы шайқастарға қатысып, Днепрді кесіп өтті. Шайқастың бірінде ол қатты жарақат алып, майдан даласына қайтып оралмады. Владимир Белозеров ерлігі үшін Қызыл жұлдыз және Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Бейбіт өмірде де марапаттан кенде болмады: Владимир Белозеров еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстандағы үздік марапат Ленин орденін алды. Ол 28 жыл Алматы құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеді. Владимир Белозеровпен өмірдің ащысын да, тұшысын да әйелі Тамара Ивановна Белова екеуі бірге татты. Бүгінде, ұзақ жылдан кейін екеуі бір үстелде қол ұстасып отырады. Владимир Дмитриевич әйелінсіз өмірді елестете алмайтынын айтады: бірлесіп қана барлық қиындықты еңсереді. Махаббат өмір сүруге, күресуге, болашақ құруға күш берді. Алматы әкімі Ерболат Досаев ерлі-зайыптыларды шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тіледі.
Біз сіздің алдыңызда қарыздармыз, қонақжайлылық, жылы қарым-қатынас, энергияңыз және өмірге деген сүйіспеншілігіңіз үшін алғыс айтамын. Мұның бәрі махаббаттан басталады: жұбайыңыз екеуіңіз бізге үлгісісіздер. Мен сіздің өміріңізде бәрі жақсы болғанын қалаймын. Қолдарыңыз ажырамасын, бақытты болыңыз. Біз өз кезегінде қаламыздың гүлденуі үшін бар күшімізді саламыз, - деді Алматы әкімі.
Владимир Дмитриевич та барлық қазақстандықты келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.
Былтыр және осы жылы ұйымдастырған мереке үшін рахмет: біз ертең міндетті түрде қуана барамыз! Барша қазақстандыққа жақсылық, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеймін, барлығымыз Жеңістің 78 жылын емес, 80 жыл және одан да көп уақытты қарсы ала берейік, – деді ардагер.
Зұлхарнай Сейітовтың майдандағы тарихы 1942 жылы Свердловск қаласында әскери істі оқып, Ленинградқа жіберілген кезде басталды. Зұлхарнай Сейітов көп оқыды: алдымен жау танктерін жою үшін арнайы дайындықтан өтті, кейінірек минаны залалсыздандыру үшін саперді оқыды. Ол Сталинград шайқасына, Белоруссия мен Польшаның азат етуге, Берлинді шабуылдауға қатысқан. Оның көптеген жауынгерлік марапаты бар, соның бірі Қызыл Жұлдыз ордені және «Ерлігі үшін» медалі. 1945 жылы 2 мамырда қазақстандық батыр Рейхстаг қабырғасында өзінің тегін жазды. Оқуға деген сүйіспеншілік соғыстан кейінгі өмірде де жалғасын тапты. Зұлхарнай Сейітов Омбы ауылшаруашылық институтын бітіріп, биология ғылымдарының докторы болды. 150-ден астам ғылыми еңбек пен монография, 14 патент және 8 авторлық куәлігі – ғылымға қосқан өлшеусіз үлес. Зұлхарнай Сейітовтың көптеген әзірлемесі мен жаңалықтары әлі күнге дейін медицина мен тамақ өнеркәсібінде қолданылады.
Ардагер майданнан және бейбіт өмірден алған естеліктерін Ерболат Досаевпен қуана бөлісті. Алматы әкімі өз кезегінде Зұлхарнай Сейітовті келе жатқан ұлы мерекемен құттықтады.
Адамзат тарихындағы ең қиын да, қатыгез соғыста сіздер, әкелеріміз бен аталарымыз нағыз батырлық көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қостыңыздар. Сіз бүкіл ғасырдың куәгерісіз. Біз сіздерге ашық аспан мен бейбіт өмір үшін алғыс айтамыз. Бұл ең алдымен, сіздердің еңбектеріңіз. Біз үшін 9 мамыр – Ұлы мереке. Жас ұрпақ сіздің ерлігіңізді ұмытпайды, – деді Ерболат Досаев ардагермен және оның отбасы мүшелерімен әңгіме барысында.
Бізді ұмытпағаныңыз үшін рахмет. Қарт адам үшін мұндай кездесу – мереке. Батамды берейін. Қазақстанымыз өркендеп, балаларымыз бейбітшілік пен келісімде өмір сүрсін. Барлық қазақстандыққа денсаулық пен амандық тілеймін, – деді Зұлхарнай Сейітов.
Бұған қоса, ҰОС ардагерлерінің үйіне қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары да ат басын бұрды. Кездесу барысында майдангерлерді мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық пен бақыт тіледі, Жеңіс күнін 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында атап өтуге шақырды.