Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 58 жастағы алматылық кәсіпкер полицияға оған қарақшылық шабуыл жасалғанын айтып, шағымданды. Оның айтуынша, маска киген белгісіз үшеу оны ұрлап кетіп, қол-аяғын байлап, ақшасы мен телефонын қолды қылған деп хабарлады polisia.kz.
Материалдық шығынның жалпы сомасы 1 млн-нан астам теңгені құрап отыр. Аталған дерек ҚР ҚК «Қарақшылық» бабы бойынша тіркелді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында үш күдікті ұсталған. Олар Алматы облысының 39, 47 және 54 жастағы тұрғындары.
Екі күдікті тергеу аяқталғанша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Үшінші күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанға дейін оны уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жергілікті алаяққа алданған жаңаөзендік тұрғын 651 мың теңгесінен айырылып қалғанын жазған болатынбыз.