Алматыдағы жер сілкіністері

23 Қаңтар 2024, 13:24
2982
Бөлісу:
Алматыдағы жер сілкіністері

Әлемде жылына әртүрлі есеп бойынша ірілі-ұсақты 100 мыңға жуық зілзала тіркеледі. Ірі жер сілкінісі сирек болғанымен, зардабы ауыр. Бүгін түнде Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. Шаһарда болған жер сілкінісіне шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы тарихындағы ең жойқын жер сілкіністері

Алматы қаласы - сейсмологиялық апатты аймақ. Қалада ең бірінші рет 1887 жылы жер сілкінісі болып 236 адамның өмірін қиған. Ол жылдары шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзала кезінде саз балшықтан, тастан және кірпіштен салынған 1798 үй толығымен қирап қалады. Одан кейінгі жер сілкінісі 1910 жылы тіркеледі. Магнитудасы – 8,2 баллды құраған 9 балдық жер сілкінісі болды. Апат салдарынан 44 адам қаза табады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1910 жылғы Алматыдағы күшті жер сілкінісі Екатеринбург, Бомбей және Калькутта сияқты көптеген қалалардың сейсмостансаларында тіркелген.

Алматыдағы жер сілкінісі

Осыдан 10 күн бұрын әлеуметтік желілерде «Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін» деген хабарлама тараған болатын. Ал бұл сұраққа Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков былай деп жауап берген еді.

Былтыр да 2023 жылға арналған болжамдық комиссияның қорытындысын шығардық. Оған сәйкес магнитудасы 5,5 және одан жоғары болатын жойқын жер сілкінісі болжанбады. Өздеріңіз куә болдыңыз, бұл болжам расталды. Қазір әлеуметтік желілерде 15 қаңтарда Алматыда болуы мүмкін жойқын жер сілкінісі туралы ақпарат тарап жатыр. Блогерлердің мұндай болжамға қалай келгені белгісіз, өйткені оларда қандай да бір болжам жасауға арнайы техника мен технология жоқ. Біз олардың мәлімдемесін негізсіз деп санаймыз. Хабарламаға назар аударудың қажеті жоқ. Дүрбелеңге негіз жоқ,-деді Нұрсәрсен Өзбеков. Алайда, 10 күннен өткеннен кейін бүгін Алматыда 23 қаңтар түнгі cағат 00:09 шамасында жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан. Сейсмологтардың мәліметінше, Алматы аумағында 5,5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Сонымен қатар жер сілкінісі Астана, Алматы, ШҚО, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілген еді. Қырғызстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ТЖМ кезекші қызметтерінің ақпараты бойынша осы республикаларда жер сілкінісі болған. Қырғызстанда түнгі сағат 00:09-да жер сілкінісі тіркелген. Бішкек қаласында – 4-5 балл, Есік және Нарын облыстары - 4 балл белгіленген.

Алматылықтар жойқын жер сілкінісін күтуі керек пе?

Алматылықтарды мазалайтын сауалдардың бірі тағы да жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, күшті, жойқын жер сілкінісі немесе афтершок болмайды.

Сейсмикалық оқиғадан кейін Қырғызстанда да, Қытайда да 100-ден аса афтершок тіркедік. Қала тұрғындары мен қонақтары бестен көп емес дүмпулерді сезді, олар айтарлықтай сезілді. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Былтырғы Түркия мен Сириядағы сейсмикалық оқиғаларды алайық. Афтершок әлі күнге дейін болып жатыр. Сирияның Кахраманмараш қаласында болып жатқан сейсмикалық оқиғаларды бәріңіз көріп отырсыздар. Бұдан күшті жер асты дүмпулерін күту керек пе? Мұнда мен 100 пайыз мәлімдей аламын, күшті, жойқын жер сілкінісі немесе афтершок болмайды, олар бәсеңдеп барады,-деді Дәулет Сәрсенбаев.

Жер сілкінгенде не істеу керек?

Бүгін Алматы қаласында болған жер сілкінген кезінде тұрғындардың асығыс үйден шығып, қандай шара қолданатын білмей қалғандары болды. Тіпті арасында 2-3 қабаттан секірген тұрғындар да бар. Жер сілікінген кезінде не істеу керек?

Ең бірінші сабыр сақтап, дүрбелеңге түспеңіз. Бірақ жылдам әрекет жасауды да ұмытпаңыз. Жер сілкінген кезде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мен кең алаң.

Үйдің ішінде;

  • Жиһаздардан аулақ тұрыңыз;
  • терезеге жақындамаңыз;
  • майшам, сіріңке, оттық қолданбаңыз;
  • мүмкін болса, столдың астына тығылуға тырысыңыз;

Көлікте;

  • Ашық алаңға тоқтыңыз;
  • Көліктен шықпаңыз;

Көшеде;

  • Биік ғимараттар мен биік ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Электр сымдарына жақындамаңыз:

Жер сілкінгеннен кейін не істеу керек?

  • Дүмпудің тоқтағанын күтіңіз;
  • сабыр сақтаңыз, айналаңыздан көмек сұраңыз;
  • сізді тауып алғанға дейін қандай да бір белгі беріңіз;
  • өзіңізге алғашқы көмек көрсетуге тырысыңыз;
  • күшіңізді көп жұмсамаңыз;
  • телефонды орынсыз пайдаланбаңыз;
  • қираған ғимараттардан өтер кезде абай болыңыз:
Өзгелердің жаңалығы