Алматыдағы әйгілі «Жас Отау» неке сарайын қайта жаңғырту жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар тарихи ғимараттың қайтадан қала әкімдігінің қарамағына өткені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы әкімдіктің редакция тілшісіне берген ресми жауабында айтылған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, Алмалы ауданындағы Абай даңғылы, 101А мекенжайында орналасқан «Жас Отау» неке сарайы бұған дейін «Jar Jar Almaty» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген.
Алайда компания сенімгерлік басқару шарты бойынша өзіне жүктелген міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындамаған. Осыған байланысты уәкілетті басқарма серіктестікпен жасалған сенімгерлік басқару шартын бұзу туралы шешім қабылдаған.
Қазіргі уақытта нысандағы барлық жөндеу және реконструкция жұмыстары тоқтатылған.
Айта кетейік, «Жас Отау» – Алматыдағы тарихи әрі сәулеттік маңызы бар ғимараттардың бірі. Ол ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары үшін неке қию рәсімдері өткізілетін негізгі орындардың бірі болып келді.