Алматыдағы тау шаңғысы курорттары бірыңғай жүйеге біріктіріледі: жаңа аспалы жолдар салынады

Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

 Алматы қаласы әкімдігі 11 Қараша 2026, 08:41
11 Қараша 2026, 08:41
68
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда тау туризмін дамыту аясында Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын өзара байланыстыратын бірыңғай туристік инфрақұрылым құру жоспарланып отыр. Жоба бойынша Кімасар, Бұтақты шатқалдары мен Пионер курорты арқылы жаңа туристік бағыттар ашылып, аспалы жолдар мен шаңғы трассалары салынады.

Жоспардың негізгі мақсаты – Алматы тау кластерін қалыптастырып, қазір жеке жұмыс істеп тұрған демалыс орындарын ортақ инфрақұрылымға біріктіру. Бұл туристердің бір курорттан екіншісіне кедергісіз қатынауына мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды бөлігі – ортақ көлік торабы. Үкіметтің мәліметінше, ол Шымбұлақ, Almaty SuperSki және болашақта игерілетін өзге де туристік бағыттарға қатынайтын аспалы жолдардың негізгі бекетіне айналуы тиіс.

Қазір Шымбұлақ, Бұтақты және Кімасар шатқалдарында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жоба аясында таулы аймақтардың экологиялық тепе-теңдігін сақтау, су ресурстарын қорғау, қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және құтқару бекеттерін орналастыру көзделген.

Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Туризм саласының сарапшысы Еркін Тікеновтің айтуынша, Алматы тау кластерінің аумағы қаланың іргесіндегі бірнеше шатқалмен ғана шектелмейді. Ол Іле Алатауының бойымен Жамбыл ауданынан Үйгенсай ауданына дейінгі бірнеше жүз шақырым аумақты қамтиды. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар Алматыға жақын әрі инфрақұрылым тартуға қолайлы аумақтарға бағытталған.

Наверх