Алматыдағы өрт. Жабық люктердің кесірінен адамдар жоғары қабаттан түсе алмады - ТЖД

2 Тамыз 2023, 15:29
858
Бөлісу:
Алматыдағы өрт. Жабық люктердің кесірінен адамдар жоғары қабаттан түсе алмады - ТЖД
Фото: ТЖМ

Алматыда өрт шыққан үйде өртке қарсы қорғаныс жүйесі істемеген. Бұл туралы «Ақкент» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдегі өрт оқиғасы бойынша өткен баспасөз мәслихатынан мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Ерлан Әлібековтің айтуынша, көппәтерлі тұрғын-үйдің оңтүстік жағында өрт сөндіру техникасына арналған подъезд болмаған. Сол себепті сол жерде орналасқан пәтерлердің есіктерін қолмен сындырып, авто сатылар үшін жол ашуға тура келген.

Бұл жұмыстарға біраз уақыт кетті. Айту керек, үйдің тұрғындарының барлығы кондоминиум өкілдері және олар инженерлік жабдықтардың, оның ішінде өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің ұқыпты сақталуына жауапты. Кешегі жағдай тұрғын үйдегі түтінге қарсы қорғаныс жүйесінің жұмыс істемейтінін көрсетті. Егер ол жұмыс істесе қабаттарды қатты түтін баспас еді, - деді Ерлан Әлібеков.

Ол сондай-ақ мұндай үйлерде апаттық шығу жолы ретінде 5-ші қабаттан бастап жоғары қабаттардың балкондарына дейін жалғасқан люктер болатынын айтты.

Олардың барлығы жабық болды, егер ашық болған болса, жоғарғы қабаттардағы тұрғындар 5-ші қабатқа дейін түсіп, ары қарай біздің өрт сөндірушілер оларды эвакуациялайтын еді, - деді спикер.

«Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі алапат өрт кезінде қаза тапқан Әсел Бекмұхаметова терезеден секірмей, шамамен 20 секунд күткен жағдайда мүмкін аман қалар еді. Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Ерлан Әлібеков осындай пікір білдірді.

Оның терезеден секіргені белгілі болды. Алайда, біздің бөлімшелер ол кезде 5-ші қабатқа жеткен болатын. Егер ол шамамен 20 секунд күткенде біздің өрт сөндірушілер есікті өздері ашып, оны аман алып қалар еді. Өрт сөндірушілер үйге кірген сәтте оның анасын көріп, оны эвакуациялады, сөйтіп құтқарып қалды. Ал Әсел ол кезде секіріп кеткен еді, - деді Ерлан Әлібеков.

Еске салсақ, кеше сағат 17:10-да Алматы қаласы Алатау ауданының Ақкент ықшам ауданында тұрғын үй өртенді. Өрт сөндірушілер қызыл жалыннан 300 адам эвакуациялады, 70-ке жуық адам құтқарды. Алайда өрт кезінде бір әйел қайтыс болды. Ал 4 пациент балалар ауруханасының реанимациясына түскен. Бүгін қала әкімі қаза болған әйелдің отбасына көңіл айтты. Сонымен қатар құрылыс компаниясы пәтерлерді жөндеп беретін болды.

Өзгелердің жаңалығы