Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстанның 20 азаматы заңсыз жұмыс істеген

9 Желтоқсан 2021, 15:27
1061
Бөлісу:
Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстанның 20 азаматы заңсыз жұмыс істеген

Алматы, BAQ.KZ. Өзбекстаннан келген 20 азамат Алматыдағы құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген. Бұл туралы Алматы қаласы ПД-ті хабарлады.

Алматы қаласында тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында өткізілген «Келімсек» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында, көрші мемлекеттен заңсыз келгендер анықталды.

Бостандық ауданында орналасқан Архат шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің аумағында Өзбекстаннан келген құрылыс бригада жұмыс істеген. Олар, жұмыс берушілері сияқты, еліміздің қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзып, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және ПД-нің қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Кейін сот шешімімен шетелдіктер Қазақстаннан шығарылады, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сонымен қатар, ол үш күнде анықталған құқық бұзушылық статистикасын айтып өтті.

Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 921 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 686-сы ҚР болу ережелерін бұзған шетел азаматтары. Сот шешімімен 25 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сондай-ақ, шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 211 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 24 жұмыс беруші де жауапқа тартылды, – деді Бутунчинов.

Өзгелердің жаңалығы