Алматыда "Қайырымдылық жасау" күніне орай №167 жалпы білім беретін мектеп ұжымы көше тазалаушыларға ыстық тамақ, шәй таратты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Коммуналдық ұйымдардың 200-ге жуық қызметкері қамтылды. Жұмысшылардың барлығы – қала бойыша қар күреп жүрген адамдар.
Алматы қаласының көрікті, таза, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы болуына өз үлесін қосып жүрген адамдарға алғысымыз шексіз. Бұл еңбеккерлер таң атысымен жұмысқа кірісіп, күн батқанға дейін өз жұмыстарын адал атқарады. Айналысып жүрген істері өте жауапты, ауыр. Соған қарамастан аула сыпырушылар қоғамымызға игілікті ісімен пайда келтіріп, Алматы қаласының көркеюіне өз үлестерін қосып жүр. Бүгін №167 жалпы білім беретін мектеп ұжымы "Қайырымдылық жасау" күніне орай «Алматы тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жұмысшыларына табысты еңбек, бақыт, денсайлық тілей отырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді шешті. Әр адам біздің өмірімізді әсемдендіріп жүрген жандарға қамқорлықпен, құрметпен қараса, осындай игілікті шаралар атқарып отырса, өміріміз мәнді, қаламыз көркем бола түсері анық. Шілденің ыстығына, қаңтар мен ақпанның ақ қар, көк мұз аязына қарамастан өз еңбегімен біздің өмірімізді жеңілдетіп, қаламыздың таза болуын қамтамасыз етіп жүрген жандарға алғысымыз шексіз,- дейді №167 жалпы білім беретін мектеп директоры Ғалия Налибаева.
Коммуналдық ұйымдардың қызметкерлері мектеп ұжымына алғысын білдіріп, өз баталарын берді. Елімізде "Қайырымдылық жасау" күніне ұйымдастырылып жатқан шаралардың қатары артқанын атап өтті.
Елімізде Наурыз мерекесі өте жақсы ұйымдастырылып жатыр. Бүгін міне күтпеген жерден қайырымдылық іс-шарасы болып, ыстық шай мен тағам таратылды. Өзім ораза болсам да, тағамдардан алдым. Қатты қуанып қалдым. Тәттілері де бар екен. Күні кеше қар жауып жұмысымыз қиындаған еді. Бүгін қарды тазалап, шаршап жүргенімізде бұл шара көңілімізге қуаныш сыйлады. Барлығымыз абыр-дабыр болып әңгіме айтып, риза болдық, - дейді Раминахан Биядлә.