Алматыдағы көлдерге тазалау жұмыстары жүргізілді

15 Қараша 2023, 13:18
498
Бөлісу:
Алматыдағы көлдерге тазалау жұмыстары жүргізілді
Фото: BAQ.KZ - архив

Алматыда Сайран, Қарасу және Әуежай көлдерінде механикалық тазалау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Экология және қоршаған орта басқармасы биыл наурыз айында Сайран, Қарасу және Әуежай көлдерінде механикалық тазалау жұмыстарын бастаған болатын. Бүгінгі күні бұл жұмыстар аяқталды.

«Сайран су қоймасының түбін қоқыс пен лайдан тазалау жұмыстарына 4 экскаватор мен 30 самосвал жұмылдырылды. Жобалық ауданы 60 га құрайтын аумақтан 140 мың м3-тан астам қоқыс пен лай шығарылды. Механикалық тазалаудың негізгі мақсаты – су қоймаларының табиғи биологиялық процесін сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қалыптастыру», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Экология және қоршаған орта басқармасы Сайран көлін абаттандыру бойынша жоба әзірлеген.

«Жобада орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар мен спорт алаңдарын орнату, төсеніштер (брусчатка) төсеу, аумақты көгалдандыру және барлық кіреберіс дөңестер мен баспалдақтарды қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі уақытта басқарма жобаны іске асыру үшін конкурс жариялады. Жұмыстар мердігер ұйым анықталған соң басталады. Жобаны аяқтау 2024 жылдың соңына жоспарланып отыр», - деп мәлім етті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, биыл ақпан айында Алматыда Сайран көлінің түбін тазарту жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ Алматы әкімдігі Сайран көлінің жалауын абаттандыру жобасының эскиздерін ұсынған еді.

Өзгелердің жаңалығы