Алматыдағы «Думан» шағын ауданындағы жолдың құрылысы биыл аяқталады

9 Тамыз 2021, 17:17
2659
Бөлісу:
Алматыдағы «Думан» шағын ауданындағы жолдың құрылысы биыл аяқталады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов онлайн брифингте айтты.

Айта кетсек, бұған дейін осы ықшам аудандағы жол жөндеу жұмыстарының 2-3 жылға созылып кеткеніне тұрғындар шағымданған болатын.

Ауданда су желісі тартылған соң жолдар жөнделмей аяқсыз қалған. Тұрғындар, әсіресе, көктемде және күзде балшыққа әбден малынғандарын айтып ара-тұра әкімдікке жолды тезірек жөндеуді талап ететін. 

Бүгінгі брифингте Ғ. Мырзаханов «Думанда» жалпы ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, бүгінгі таңда 21 көшеде ұзындығы 15,4 шақырымды құрайтын жол төселгенін жеткізді.

Қалған 38 көшеде жол негізін дайындау және жол жабынын орнату жұмыстары жүргізілуде. Толық аяқтау осы жылдың қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отыр, - деді ол.
Сонымен қатар ол «Тау самалы» шағын ауданындағы Қонаев көшесін Яссауи көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Ол жерде 14 жер учаскесін бұзу, инженерлік желілерді, яғни газ құбыры, электр желісі, су құбыры, байланыс желісін көшіру, жүру бөлігін кеңейту, тротуарлар мен арық желілерін орнату жұмыстары орындалды. Көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Нысанды толық аяқтау 2021 жылдың қараша айына жоспарланған, - деді Мырзаханов.
Қазіргі уақытта қалада 3 көлік жолайрығының құрылысы жүргізілуде, олар Сейфуллин даңғылы - Жансүгіров көшесі, Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа күрежолы. Биыл Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көлік жолайрықта көлік қозғалысын ашу, 2022 жылы Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа күрежолы екі көлік жолайрығын пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.

Сонымен қатар төрт көшені ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Абай даңғылы, Алатау (МУРЗ), Саин көшесі және Әуезов көшесінде жүргізілуде. Биыл Абай даңғылы, Алатау және Әуезов көшелерін ұзартып, көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал егер жер учаскелерін уақытылы сатып алынса, Саин көшесін аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

2021 жылы Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарының 8 шағын аудандарында 415 көшеде ұзындығы 108 км жаңа жолдың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұзындығы 35 км құрайтын 132 көшеде жол құрылысы аяқталды. Жылдың аяғына дейін 75 км жолды аяқтау жоспарланған, - дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін Алматыда 298 шақырым жолдың қатты жабыны жоқ екені хабарланды.
Өзгелердің жаңалығы