Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыдағы балалар үйінің балалары Қонаевқа қашан ауысады?

Нұрқанат Атажан
14 Шілде 2025, 16:50
660
Бөлісу:
 Алматы облысы әкімдігі
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматыдағы балалар үйінің 171 тәрбиеленушісін Қонаев қаласында жаңадан салынған мекемеге көшіру мерзімі белгілі болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қонаев қаласында салынған жаңа балалар үйі заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді. Ғимаратта кіші және ересек топтарға арналған бөлек асханалар, спорт және акт залдары, оқу және ойын бөлмелері, психологиялық көмек кабинеттері, сондай-ақ кең әрі жайлы жатын бөлмелер қарастырылған.

Көшіру туралы шешім 1963 жылы салынған бұрынғы ғимараттың апаттық жағдайына байланысты қабылданды. 2024 жылы жүргізілген техникалық сараптама нәтижесінде бұл нысан әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған.

Сараптама барысында тірек конструкцияларындағы жарықтар, инженерлік желілердің тозуы және сейсмикалық тұрақтылық талаптарына сай келмейтіні анықталды, – делінген хабарламада.

Тәрбиеленушілерді көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптағы 61 бала көшіріледі. Ал толық көшу тамыз айының соңына дейін аяқталады.

Ал Алматыдағы ескі ғимарат Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беріледі.

Еске салайық, бұған дейін Бағанашылдағы балалар үйі жергілікті биліктің уәделеріне қарамастан Қонаев қаласына көшірілетін болғанын жазған едік. 

Өзгелердің жаңалығы