Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы Алтын сити тұрғындары жаңадан ашылған №227 мектептің аралас оқыту форматына ауысуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, ауданда қазақ тілінде білім беретін мектептер аз болғандықтан, олар балаларын арнайы мемлекеттік тілде оқытатын білім ордасына орналастырған.
Біз, Алтын сити тұрғындары жаңадан ашылған №227 мектептің аралас форматқа өтуіне қарсымыз. Біздің аудан бойынша небәрі екі қазақ тілді мектеп бар. Балаларымыз қазақ тілінде оқысын деп Медеу ауданына қарасты №220 мектептен шығарып, осы мектепке ауыстырдық. Сондықтан мектептің аралас болуына қарсымыз, – деп жазды тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде.
Аталған мәселеге қатысты Алматы қаласы Білім басқармасы түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, №227 мектеп алғаш ашылған сәттен бастап мемлекеттік тілде білім беретін оқу орны ретінде жұмыс істейді.
№227 мектеп бастапқыда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ретінде ашылған. Оқыту тілі мектептің Жарғысында және басқа да ресми құжаттарында нақты көрсетілген. Қазіргі уақытта №227 мектепті аралас оқыту форматына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Мектеп мемлекеттік тілде білім беруді жалғастырады, – делінген басқарманың жауабында.
Сондай-ақ білім басқармасы ата-аналарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.