Алматыда жыл соңына дейін 1780 орындық 3 жатақхана салынады

28 Мамыр 2023, 11:36
1094
Бөлісу:
Алматыда жыл соңына дейін 1780 орындық 3 жатақхана салынады
Фото: gov.kz

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 980 орындық Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттік жатақханасының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба бойынша бұл жайлы жиһаздалған бөлмелері бар жаңа буын жатақханасы, онда өмір сүруге, оқуға және демалуға барлық жағдай жасалатын болады. 1, 2, 3 және 4 орындық бөлмелер мен оқу кеңістіктері жиһаздалған және интернетпен (wi-fi) қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, министр студенттік жатақханалар салу жөніндегі Жобалық кеңсеге барды, кездесу барысында министрге 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін 1492 төсек-орынға арналған 5 нысанды қайта жаңарту және 2023 жылдың соңына дейін Алматы қаласында 450 орындық 2 нысанды қайта жаңарту жоспарлары айтылды. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 1780 төсек-орынға арналған 3 жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Кездесу барысында проблемалық мәселелер талқыланды. Министр студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтіп, Жобалық кеңсеге студенттік жатақханалар салу бойынша инвесторлармен келіссөздерді жеделдетуді тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін министрдің қатысуымен Семей және Ақтау қалаларында барлық заманауи стандарттарға сай жаңа студенттік жатақханалар ашылған болатын. Бұл 400 орындық Alikhan Bokeikhan University және 500 орындық Yessenov University жатақханалары.

Өзгелердің жаңалығы