Халыққа қызмет көрсету орталығында 863 324 көлік тіркеліп, 116 741 жүргізуші куәлігі берілген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы мәлімдеді.
Бүгінгі күні қала тұрғындары арасында сұранысқа ие нөмірлер: 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707. Бағасы 57 АЕК-ті (210 444 теңге) құрайды. Ал ең қымбат нөмірлерге: 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 жатады. Мұндай нөмір үшін әр көлік иесі 285 АЕК (1052 220 теңге) төлейді. Кейбір адамдар VIP-нөмірлердің құнын "Азаматтарға арналған үкімет" белгілейді деген қате пікірде. Сатудан түскен қаржы мемлекеттік қазынаға түседі және мемлекеттік баж мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексімен реттеледі. Жыл басынан бері Алматыда 5000 VIP нөмірге тапсырыс берілген, - деді №1 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Асет Тұрғымбаев.
Тапсырыс берген нөмірлер Алматыда 5 жұмыс күні ішінде дайындалады. Сондай-ақ көлік иесі таңдаған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін eGov порталы және eGov Mobile арқылы тапсырыс беруіне болады.
Мен көлік тізгіндегеніме 15 жылдай уақыт болды. Әдемі есте қалатындай нөмір маған ұнайды. Әкеден балаға мұра ретінде қалдыруға болады деп естідім, - деді қала тұрғыны Бағдат Амиров.