Алматыда жұмыссыз адамдар арасында вирус жұқтыру артқан

19 Сәуір 2021, 12:29
1584
Бөлісу:
Алматыда жұмыссыз адамдар арасында вирус жұқтыру артқан

Алматы, BAQ.KZ. Соңғы 14 күнде коронавирустық инфекция жұмыс істемейтін тұрғындар арасында ең көп тіркелген, яғни 35%-ды құрап отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері қалада вирус жұқтырудың 27730 жағдайы тіркелген. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 1362,9 көрсеткіш. Соңғы тәулікте 665 жағдай тіркелген, тәуліктік өсім 1,4-ті құрады.

Медициналық бақылауда КВИ-дың белсенді 4375 ошағы, сондай-ақ 7006 тұрғылықты жері бойынша жақын байланыста болған және жұмыс орны бойынша 394 жақын байланыста болған адамдар бар. 

1 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық 0,5%-ға, яғни 1,3-тен 1,8%-ға дейін артты. 

Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру 9,1-ден 10,1%-ға дейін, жасөспірімдер арасында 3,0-ден 3,3%-ға дейін артты. Сондай-ақ 60 жастан асқан азаматтар арасында вирус жұқтыру 23,7%-дан 24,3%-ға дейін ұлғайды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ департамент соңғы күндері жұмыссыз жүрген азаматтар арасында вирус жұқтыру жағдайы артқанын мәлімдеді.

Соңғы 14 күнде коронавирустық инфекцияның ең көп тіркелгені жұмыс істемейтін тұрғындар арасында - 35%, түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлері – 23%, зейнеткерлер арасында – 17%, оқушылар арасында – 6,2% және мектеп жасына дейінгі балалар арасында - 4%-ға артты. Халықтың қалған санаттары арасындағы жағдайдың 0,3-тен 2%-ға дейін тіркелді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы