Оқиға Төретай көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан мопед жүргізушісінің жүк көлігінің дөңгелегінің ортасында жатқанын көруге болады.
Таңғы алтыда Төретай көшесі – Райымбек даңғылында мопед жүргізушісі жүк көлігімен соқтығысқан. Күн сайын қалада мопедтердің қатысуымен ондаған жол апаты орын алады. Оқиғалардың көпшілігі жол қозғалысын сақтамаған, жүргізуші куәлігі жоқтардың кесірінен болады, – делінген бейнежазбада.
Аталған жағдайға Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
Бүгін Алматы қаласының Алмалы ауданында таңғы сағат 06:30-да жол апаты орын алды. Mercedes маркалы автокөліктің жүргізушісі мен мопед жүргізушісі Райымбек даңғылымен шығысқа қарай бағыт алды. Төретай көшесінің қиылысында қашықтықты сақтамаған мопед жүргізушісі жүк көлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының мән-жайларын Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтайды, – деді Алматы қаласы ПД.
Жол-көлік оқиғасынан кейін мопед жүргізушісі жарақат алып, қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді.