Алматы, BAQ.KZ. Алматы полициясы жоқ пәтерлерді жалға берген әйелдер Павлодарда ұсталғанын хабарлады.
24 жастағы Б. есімді қыз бен 27 жастағы С. есімді әйел Павлодар қаласында тұрып жатса да, Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген.
Анықталғандай, олар өздерінің қитұрқы мақсаттары үшін интернетте пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландыруларды орналастырған. Олар жалдау ақысын төмен қылып, басқа адамдардың жарнамасынан суреттерді қойған. Клиенттермен келіссөздер тек телефон арқылы жүргізілді, олар өздерінің ниеттерінің тазалығына сендіріп, алдын ала төлемді балансқа аударуды ұсынған. Зардап шеккендер ақша жіберген кезде әйелдер бірден жарнаманы алып тастап, ұялы телефондарын өшіріп отырған, – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Ұсталғандарға қатысты ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта бірнеше зардап шеккен адам анықталды. Алайда олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Айтпақшы, бұрын екі әйелдің де соттылығы болған.