Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда жеке кәсібін ашуды жоспарлаған адамдарға 200 АЕК (555,6 мың теңге) дейінгі мемлекеттік гранттар тегін беріледі.
Биыл 1705 адамға қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 1306 грант берілді. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, грант алуға үміткерлер қатарында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курстарын аяқтаған, сондай-ақ мекенжай алушылар қатарындағы иммигранттар мен оралмандар, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері бар.
Сонымен қатар, ол жыл басынан бері жастар практикасына 869 адам жіберілгенін айтты. Түлектерге тәжірибені тікелей жұмыс орнында алуға мүмкіндік берілген, кейбір жағдайда оқу орнын аяқтағаннан кейін сол жаққа жұмысқа орналасады.
Тәжірибенің мерзімі - 6 ай. Ай сайынғы төлем - 25 АЕК мөлшерінде. Бүгінгі таңда белгілі бір мамандықтар талап етілмейтін жағдайда, қосымша біліктілікті арттыру қажеттілігі туындайды. Ол үшін «Еңбек» бағдарламасында қысқа мерзімді кәсіптік оқу қарастырылған. Айта кету керек, өзгертулер енгізілгеннен кейін оқыту тікелей жұмыс берушілердің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Ваучер алғысы келетін адам мамандықты және оқу орталығын өзі таңдай алады, - дейді ол.
Бағдарлама күндізгі немесе кешкі режимде немесе онлайн режимінде оқуға мүмкіндік береді екен. Кешкі оқыту еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер үшін арналған, егер жұмыс беруші өз қызметкерлерін оқытуға немесе біліктілігін арттыруға өтініш берсе.
Жыл басынан барлығы 722 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. Аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүмкіндігі шектеулі адамдар және жастар жәрдемақыларды алуға басым құқыққа ие. «Еңбек» бағдарламасынан басқа, қалада жұмыс орындарын құру арқылы әлеуметтік, мәдени саланы, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жүзеге асырылуда, - дейді Данияр Әлкебайұлы.
Сондай-ақ, ол Алматыда 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланғанын, оның жартысы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілетінін айтты.
226 жобаны іске асыру барысында 17,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның 8,3 мыңы - Жұмыспен қамту орталығы арқылы. Жұмыстың ерекшелігіне байланысты, бұл жобалар дәнекерлеуші, арматурашы, бетоншы, құрылысшы сияқты кәсіптердегі жұмысшыларды қажет етеді, - деді ол.