Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус пандемиясымен күресте бірінші кезектегі 10 қадамды атаған болатын, олардың арасында жедел жәрдем қызметінің жұмысын бағдарлау бар.
Жедел жәрдем көрсету қызметінің жұмысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында Алматы қалалық жедел медициналық көмек көрсету станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов айтты.Қазіргі уақытта жедел медициналық көмек көрсету станциясында 180 бригада бар. Бригадалар санын 200-ге дейін, мамандандырылған бригадаларды 65-ке дейін және фельдшерлік бригадаларды 135-ке дейін көбейту жұмыстары жүргізілуде.
Біздің тарапымыздан құрамында жедел медициналық қызметі бар сегіз жекеменшік медициналық ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде. Бір қуантарлық жайт, кеше жекеменшік компаниялардың бірі бір көлік бөлді және ол қазір жұмысқа кірісті. Біз жақын арада тағы 15 бригада жедел жәрдем қызметінің құрамында қызмет етеді деп үміттенеміз, - деді Б.Оспанов.
Барлығы станцияда 2960 қызметкер еңбек етеді, соның ішінде 360 дәрігер, шамамен 1600 орташа медициналық персонал, 215 кіші медициналық персонал және шамамен 900 жүргізуші бар.
Жедел жәрдем қызметіне ерекше күш түскен кезеңде бұл жұмысқа волонтерлар, екі колледждің 60 түлегі тартылған. Қазір олар оқу және тәжірибе барысында.
Сонымен бірге, маусым айының ортасынан бастап жедел медициналық станцияға түскен өтініштердің көп болғаны байқалады. Тәулігіне 8 мыңнан астам өтініш түскен жағдайлар тіркелген. Бұған дейін келіп түсетін өтініштер 2 мыңнан аспайтын. Сонымен бірге, жедел жәрдем бригадаларының шақырулар бойынша бару саны көбейді.
Егер осыған дейін біз 2 мың шақыруды жоғары көрсеткіш десек, қазір көмек көрсету бойынша қазіргі қарбалас сәтте 5 мыңға дейін шақырулар түсіп жатады, - деп атап өтті жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері.
Пандемия кезінде келіп түсіп жатқан өтініштердің артуына байланысты, ақпараттық-диспетчерлік бөлімнен бөлек, жедел жәрдем жанынан қосымша call- орталық құрылды, онда дәрігерлер қала тұрғындарына кеңес беру арқылы көмек көрсетеді.
Қалалық жедел жәрдем станциясының call-орталығының телефоны 300-05-05, ол арқылы кеңес алуға болады.