Алматыда жатақханасы бар кәсіптік-техникалық мектеп пен балабақшалар салынады

28 Қазан 2021, 17:34
166241
Бөлісу:
Алматыда жатақханасы бар кәсіптік-техникалық мектеп пен балабақшалар салынады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматылықтар жайлы және абаттандырылған аудандарда тұратын болады. Бұл туралы Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде айтты.

С. Нұрашев жаңа нысандар салу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлары туралы айтты. Ведомство тарапынан 102 жоба әзірленіп, оның 27-сі бойынша сараптама қорытындысы алынған.

Жас Қанат шағын ауданында алты көппәтерлі тұрғын үй, Нұркент және Шұғыла шағын аудандарында инновациялық шығармашылық орталықтары, сондай-ақ Зерделі шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіптік-техникалық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұлардан өзге,№9, 15, 80, 122, 131, 141 мектепшатерін, «Білім-инновациясын» сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Ақжар шағын ауданында 320 орынды және Айнабұлақ-4, Саялы-2 шағын аудандарында әрқайсысы 160 орынды үш балабақша салынады, - деді басқарма басшысы.

Жайлы қалалық орта басқармасының жоспарында №70 бөбекжай-балабақша мен Стахановский көшесіндегі балабақшаны сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жұмыстары тұр екен.

С. Нұрашев 30 көппәтерлі тұрғын үй мен 18 денсаулық сақтау нысанынан тұратын 48 жобаны жобалаудың аяқталып қалғанын жеткізді.

Келесі жылға біз «Қалқаман-2» ТК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Жобаға сәйкес осы қала құрылысы торабында бес қабатты 20 үй салу жоспарлануда. 160 орынды балабақшаның жобасы әзірленуде, - деді С. Нұрашев.

Болашақта 2023-2024 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларға төрт емдеу мекемесі, үш емхана, сегіз отбасылық-дәрігерлік амбулатория кіреді. Бүгінде барлық жобалар жобалау кезеңінде. Олардың арасында Медеу ауданындағы онкологиялық орталығы бар көпсалалы аурухана, ЖИТС орталығының бөлімшесі бар хоспис, №2 қалалық Балалардың клиникалық ауруханасының корпусы, Ахрименко көшесіндегі ерте араласу орталығы, Қарағайлы, Жас Қанат шағын аудандарындағы емханалар және басқалар бар.

Өзгелердің жаңалығы