Алматыда Жасанды интеллект кампусы ашылады

16 Қыркүйек 2021, 21:06
4712
Бөлісу:
Алматыда Жасанды интеллект кампусы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсуды қабылдады. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Кездесуде «Назарбаев Университетінің» 10 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістіктері мен жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Елбасы «Назарбаев Университетінің» аз уақыт ішінде жоғары білікті кәсіпқой кадр даярлайтын және отандық ғылымды дамытатын жетекші оқу орнына айналғанын атап өтті.

Жас мемлекетімізге заманауи кадрлар қажет болды, сондықтан алдымен «Болашақ» бағдарламасын жарияладым. Уақыт өте келе бакалаврларды «Назарбаев Университетінде» даярлай бастадық. Мен осы жоғары оқу орнына жиі барып, диплом тапсыру рәсіміне қатысып тұрамын. Университеттің келешегі зор. Қазір ол көптеген отандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отыр. Осының бәрі – сіздің еңбегіңіздің жемісі, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнын әрі қарай дамыту керектігіне, соның ішінде жасанды интеллект технологиясын дамыту мен қолдану саласындағы жобаларды жүзеге асыруға назар аударды.

Біздің бағдарламамыздың келесі даму кезеңі – Жасанды интеллект кампусын ашу. Оны Алматыда құру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға қатысатын шетелдік компаниялармен келіссөз де жүргізілді, – деді Елбасы.

Өз кезегінде Ш.Катсу Университеттің 2018-2030 жылдарға арналған стратегиясының негізгі индикаторларына қол жеткізілгені туралы баяндады. «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесі президентінің мәліметіне сәйкес,   бүгінде жоғары оқу орнында 6,8 мыңнан астам студент білім алуда. Ашылғаннан бері 5 мыңнан астам ғылыми мақала жарық көріп, 300 ғылыми жоба жүзеге асты. Ғылыми зерттеулердің сапасы бойынша «Назарбаев Университеті» Еуразия кеңістігіндегі 10 үздік жоғары оқу орнының қатарына қосылып, құрлықтағы жетекші оқу орындарына бәсекелес болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы