Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға арматура таратқандар ұсталды

8 Ақпан 2022, 12:36
1268
Бөлісу:
Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға арматура таратқандар ұсталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы Полиция департаменті қаңтар трагедиясы кезінде шеруге шыққан адамдарға арматура таратқан адамдарды ұстағандарын мәлімдеді. Алматы қалалық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының мәліметінше, 20 мен 24 жас аралығындағы алты ер адам ұсталған.

5 қаңтарға қараған түні «Шаңырақ» ықшамауданындағы үйлердің бірінде болгарканың көмегімен темір арматураның бөліктерін (70 см) дайындап, келесі күні жаппай тәртіпсіздіктің қатысушыларына таратқандығы анықталды. Айтпақшы, кездейсоқ куәгерлер бұл іс-әрекетті ұялы телефонның камерасына түсіріп алған. Бейнежазбадан адамдардың ГАЗель жүк шанағынан арматураны «түсіріп» жатқанын көруге болады. Іс-әрекет Төле би даңғылының бойында шығыс бағытта орын алды. Заңсыз әрекеттерге қатысушылар анықталды және ұсталды. Олар тәртіп сақшылардың денсаулығына зақым келтіру мақсатында тәртіпсіздікке қатысушыларға тарату үшін түні бойы қасақана темір арматуралар дайындағанын мойындады, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков. 


Ұсталғандарға ҚР ҚК-нің 272-бабы 2-бөлігі бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылып отыр. Олар қамауға алынды.


 

Өзгелердің жаңалығы