Алматыда заңсыз сақталған қаруды іздестіру іс-шарасы жалғасады

7 Ақпан 2022, 13:50
1359
Бөлісу:
Алматыда заңсыз сақталған қаруды іздестіру іс-шарасы жалғасады

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда заңсыз сақталған қаруды іздестіру және тәркілеу іс-шарасы жүріп жатыр. Бұл туралы алматы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтың айтуынша, 7 ақпаннан бастап ерекше өкімге дейін Алматыда «Қару» іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шараның мақсаты – жедел жағдайды жақсарту, атыс қаруы мен оқ-дәрілерді қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және ашу. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай іс-шаралар мегаполисте қылмыстық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді. Алматы полициясының жеке құрамы қызметтің күшейтілген режиміне ауыстырылды. «Қару» жедел алдын алу іс-шаралары тіркелмеген қарудың максималды санын заңсыз айналымнан шығаруға мүмкіндік береді, – деді Таймерденов. 

Сондай-ақ, полиция іс-шара аясында азаматтық қарудың жеке иелерін қару сақталған ғимараттарда қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы мен қолданылуына тексерілетінін айтты.

Алматы полициясы қаруды қабылдау науқанын өткізіп жатқанын еске саламыз. Заңсыз қаруы бар азаматтарға, оларды өз еркімен тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, қару мен оқ-дәрiлердi тапсырған адамдар, егер олардың қандай да бiр қылмысқа қатысы анықталмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырмаған азаматтар табылған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.
 

Өзгелердің жаңалығы