Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімдігі 240 орындық қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасын 125 оттегі концентраторымен қамтамасыз ететін болды.
Бұл туралы Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин Алматы қаласының өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында айтты.
Қазіргі уақытта бізде 25 концентрант бар, оның 17-сі 8 литрден. (Ол екі адамға жеткілікті). Аппараттар жеткілікті, науқастар толық қамтамасыз етілген. Қала әкімдігімен бірлескен жұмыстың арқасында келесі айда бізге 125 оттегі концентраторы беріледі. Сондай-ақ, біздің аурухананың барлық төсек орындарын қамтитын 2 оттегі қондырғысын орнату жоспарлануда, – деді Ержан Сералин.
Аурухананың жансақтау бөлімі 12 орынға есептелген. Бас дәрігер оның барлығы өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттарымен жабдықталғандығын атап өтті.
12 төсекке арналған 12 жасанды тыныс алдыру аппараты бар. Алдағы уақытта тағы 6 құрылғы сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, респираторлық қолдауды қажет ететін науқастар үшін әр палатада оттегі пункттері бар, оған қосымша оттегі мобильді машиналарын қолданамыз, – деп толықтырды дәрігер Ержан Сералин.