Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтарына биыл 29 мыңнан аса адам жүгінген

11 Қыркүйек 2020, 10:46
1434
Бөлісу:
Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтарына биыл 29 мыңнан аса адам жүгінген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Бақытты отбасы» қалалық орталығының басшысы Зүлфия Байсақова онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Алматыда аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға қолдау көрсететін 9 «Бақытты отбасы» орталығы бар. Бұл орталықтар қала әкімдігінің бастамасымен ашылған және Үкіметтік емес ұйымдарымен іске асырылуда. Орталықтың мақсаты – көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын арттыруға, өздерін жұмыспен қамтуына жағдай жасап, оларды жігерлендіруге бағытталған. Сондықтан «Бақытты отбасы» орталығы адамдардың өмірін жақсы жағына өзгертуге атсалысып, оларға жол көрсететін мекемеге айналып отыр. 

Осы уақытқа дейін орталық мықты кәсіби мамандардан тұратын команда құра білген. Олардың құрамында ақпараттық кеңес беру, ресурстық қолдау, заң жағынан және психологиялық көмек беру, отбасына әлеуметтік педагогикалық және басқа да мәселер бойынша қолдау көрсету сияқты қызметтер бар. 

Осы жылдың 8 айында біздің орталықтар 29 мыңнан аса адамды қабылдаған. Біз білімін арттырып, өзін-өзі жұмыспен қамти білуі үшін білім беру тренингтері мен семинарлар өткізіп тұрамыз. Онда баланың тәрбиесіне қатысты семинарлар, тігін тігу курсы, шаштараз, сән үлгісі, массаж сияқты өзін-өзі жұмыспен қамтуға бағытталған курстар өткізіледі. Бұл кәсіпті игерген адам өз бизнесін ашуына жол ашылады, - дейді Зүлфия Байсақова. 

Орталықта, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін пәндік онлайн курстар өткізіледі екен. Әсіресе, математика, қазақ және орыс тілдерін үйрету, вокал, хореография және гимнастика бойынша да сабақтар өткізіледі.

Карантин кезінде онлайн оқыту әдісі қолданылыпты, дегенмен ол адамдардың қатысуына еш кедергі келтірмеген. Жыл басынан бері 34 мыңнан астам әйел мен бала оқыту курсына қатысқан. 

Айта кетсек, «Бақытты отбасы» күні жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтіледі, биыл бұл күн қыркүйектің 13-не келіп тұр.

Өзгелердің жаңалығы