Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

20 Сәуір 2022, 14:45
3305
Бөлісу:
Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ эстрадасының аңызы «Дос-Мұқасан» ансамблін ұйымдастырған азаматтардың бірі әрі әйгілі «Той жыры» өлеңінің авторы Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды.

Ұлықпан Сыдықов - Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Педагогика ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.Одан бөлек «Қазақ эстрадасының аңызы» халықтық атағының иегері, Қазақстан шығармашылық академиясының мүшесі, Мәдениет қайраткері.

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

Ұ.Сыдықов қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қабырғасында білім алып жүріп шығармашылықпен айналысқан. Әсіресе университетте құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің елге танылуына көп еңбек сіңірді. Ол кісі жазған «Той жыры» өлеңі ансамблдің бойтұмарына айналды. Сонымен қатар «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің ұйымдастырушысы да, жетекшісі де Ұ. Сыдықов болатын.

Аталған шығармашылық орталық Ұлықпан Сыдықов білім алып, көп жыл қызмет еткен Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қабырғасынан ашылды.

Орталықтың ашылуы барысында елге танымал ғалымдар мен ақын, жазушылар Ұлықпан Сыдықовтың ғылыммен қоса шығармашылықты қоса ала жүргені жайлы баяндады.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі Досым Сүлеев студенттік шақтарын еске алып, жаңадан ашылған орталықтың орнында бұрын емтихан тапсыратын аудиториялары болғанын жеткізді.

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

Ұлықпан екеуіміз бірінші курстан бері қоян-қолтық дос болып өстік. Жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Ол оқу бітірген соң университетте қарапайым оқытушылықтан проректор лауазымына дейінгі сатының бәрінен өтті. Ұлықпан әрдайым жастарға қазақ тілін, қазақ дәстүрін сіңіруге күш салды. Рухтарын көтеріп, патриоттық сезімдерін оятуға көңіл бөлді. Бұл кісі «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Техника ғылымын меңгергенімен өзі ақын, филосов. Сондықтан бұл орталыққа Ұлықпанның атын беру дұрыс шешім болды,-деді Д. Сүлеев.

Тарбағатайдың бауырындағы Мақаншы ауылында мектепте оқып жүріп Ұлықпан Сыдықов Республикалық математика Олимпиадасының жүлдегері атанады. Мектепті Алтын медальмен бітіріп, 1965 жылы Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түскен. Содан бергі бүкіл білім, ғылым және ұстаздық жолы осы қасиетті оқу орнының, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің құшағында өтіп келеді. Студент,  аспирант, оқытушы, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, институт директоры және 22 жыл бойы проректор қызметін абыроймен атқарды. Бұл күнде университеттің әйгілі ғалым ұстаздарынан құралған «Ақсақалдар алқасының» төрағасы, ректор кеңесшісі.

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды


Ұлықпан Сыдықов шығармашылық орталыққа өз атын беруі үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.

Бұл жастардың орталығы. Мұнда ғылым, техника, спорт, өнер де даму керек. Жастардың талантын, қабілетін жан-жақты ашылуға мүмкіндік беретін орталық болу керек. Өзім мүмкіндігінше соған үлес қосамын,-деді Ұ.Сыдықов.

Қазақ эстрадасының аңызына айналған «Дос-Мұқасан» ансамблін ұйымдастырған азаматтардың қатарында болып, осы өнер ұжымының қаз тұрып, қанат қағуына, өз бет-бейнесін айқындауына, репертурарын байытуға үлкен үлес қосты. Ұлықпан Сыдықов «Дос-Мұқасанның» даңқын шығарған, ансамбльдің бойтұмарына айналған әйгілі «Той жырының» өлеңінің авторы.

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

«Дос-Мұқасанмен» дүниеге бірге келген, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Ақжан Машани, Серке Қожамқұлов сияқты ғұламалардың батасын алған, құрамынан Иран Ғайып, Қасымхан Бегманов секілді айтулы ақындар шыққан «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің ұйымдастырушысы да, жетекшісі де Ұ. Сыдықов болатын.

Шығармашылық орталықтың ұйымдастырушысы әрі белсенді студент Салтанат Мақсатқызы орталықтың ашылуына қуанышты екенін жеткізді.

Бізде мың бұралған бишілер, бұлбұлдай сайраған әншілер, сан-түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын өнерлі жастар өте көп. Осындай талантты жастарымыздың өнерін шыңдайтын орталыққа деген қажеттілік бұрыннан бар еді. Бүгін сол іске асып отыр. Бұл жерде кез келген студент келіп уақытын тиімді әрі қызықты пайдалана алады. Алдағы уақыттарда түрлі шығармашылық іс-шаралар болады, оның ішінде танымал әнші, жазушы, ақындармен кездесу кештерін өткіземіз,-дейді 2 курс студенті.
 

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

Салтанатты шара барысында айтыскер ақын Ринат Зайытов орталықтың ашылуына орай жыр жолдарын жолдаса, Қазақ эстрадасының танымал әншісі Мұқасан Шахзадаев ән салып, көпшіліктің көңілін көтеріп тастады.

Алматыда Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды
Өзгелердің жаңалығы