Алматыда жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты 4 885 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 43 адам сотталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жадыра Қаңтарбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, профилактикалық жұмыстар аясында 1 552 адамға ресми ескерту жасалған. Оның ішінде 251 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзған.
Сондай-ақ алкоголь мен есірткіге тәуелді 167 адам заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлі емдеуге жіберілген.
Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша 326 адам жауапқа тартылған. Ал мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды бұзғаны үшін 300-ге жуық құқық бұзушыға қатысты әкімшілік шара қолданылған.
Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар бойынша ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес 4 885 адам жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 815 адам болған.
Зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты қылмыстық істер қозғалды
Полиция физикалық зорлық-зомбылық фактілеріне және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында дене жарақатын салу фактілері бойынша тексеру жүргізіліп, Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1-баптары бойынша тіркелген қылмыстық істер аясында тергеу амалдары қолға алынған.
Қазіргі уақытта дене жарақатын салғаны үшін 43 адам сотталған.
Жәбірленушілерді қорғау және қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заңда көзделген шаралар да қолданылып жатыр. 58 адамға мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген. Ал 13 адамға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына жақындауға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, 339 құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Әкімшілік қамауға алынған 774 адам Алматы қаласы Полиция департаментінің арнайы қабылдау орнына орналастырылған.
Полиция қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға, әсіресе кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға да назар аударады. Шағым түскен жағдайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар қабылданады.