Алматыда тұрғындар үйінің маңына көлігін тегін қоя алады

Тұрғындар үшін тегін тұрақ қарастырылды. Сонымен бірге эвакуация, шлагбаум және электросамокаттарға қатысты жаңа талаптар бекітілді.

30 Шілде 2026, 17:23
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 30 Шілде 2026, 17:23
30 Шілде 2026, 17:23
204
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Алматы қаласы мәслихатының депутаттары жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидаларын бекітті. Құжаттағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына үйінің маңындағы коммуналдық автотұрақта бір автокөлікті тегін қою мүмкіндігінің берілуі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа қағидаға сәйкес, тұрғындар тіркелген мекенжайынан 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұраққа бір көлігін ақысыз қоя алады. Бұл шешім қаладағы автотұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Автотұрақтарға бірыңғай талап енгізіледі

Қабылданған құжат Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы қағидаларында қамтылмаған бірқатар мәселені бір нормативтік құқықтық актіге біріктірді.

Атап айтқанда, жаңа қағидаларда:

  • коммуналдық және жекеменшік автотұрақтарды ұйымдастыру тәртібі;
  • автотұрақтарды пайдалану талаптары;
  • төлем жасау жүйесі мен жеңілдіктер;
  • көліктерді эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі;
  • шлагбаумдар мен қорғаныс қоршауларын орнату қағидалары;
  • жеке мобильділік құралдарын орналастыру мәселелері нақты регламенттелді.

Электросамокаттарға қатысты талаптар нақтыланды

Құжатта алғаш рет электросамокаттар мен өзге де жеке мобильділік құралдарын орналастырудың нақты тәртібі белгіленді.

Бұл өзгерістер олардың ретсіз қойылуын азайтуға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және операторлар мен пайдаланушылар үшін бірыңғай талап қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көлікті эвакуациялау тәртібі өзгереді

Жаңа қағидаларға сәйкес, көлікті эвакуациялау кезінде міндетті түрде фото және бейнетүсірілім жүргізіліп, көлікке қатысты тексеру актісі рәсімделеді.

Сонымен қатар арнайы тұрақтардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіліп, көлік иелерінің құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі.

Шлагбаум орнатуға ортақ ереже бекітілді

Құжат қоғамдық пайдаланудағы аумақтарда шлагбаумдар мен қорғаныс қоршауларын орнатудың бірыңғай тәртібін де айқындайды.

Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі және басқа да шұғыл қызметтердің аумаққа еш кедергісіз кіруі міндетті талап ретінде сақталады.

Айта кетейік, Алматы қаласы мәслихатының XLVIII кезекті сессасында депутаттар суицидтің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы шешімді де қолдап, денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына өзгерістер енгізді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда газбен жүретін автобустарға жанармай құю мәселесі ушығып тұрғаны хабарланды. Қалада бірнеше күннен бері қоғамдық көлікке қатысты проблема туындады.

Наверх