Алматыда тұрғын үйден мемлекеттік балабақша ашылды

4 Тамыз 2023, 18:30
1310
Бөлісу:
Алматыда тұрғын үйден мемлекеттік балабақша ашылды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда жеке тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында алғаш рет мемлекеттік балабақша ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бостандық ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету мақсатында Алматы қаласы әкімдігі мен құрылыс компаниялары арасында жасалған меморандум аясында салынған №189 мемлекеттік балабақша ашылды. 

Алматыда тұрғын үйден мемлекеттік балабақша ашылды

«Акварель» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан балабақша 300 орынға есептелген, балалардың денсаулығын, ой-өрісін, ойлануы мен логикасын дамытуға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Балабақшада инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалған, «Робототехника», «Сенсорика», «Қолөнер» және «Монтессори» кабинеттері ашылды. Ойын алаңдарында ойын кешендері мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Балалардың иммунитетін нығайту мақсатында балабақша «тұз шахтасымен» жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балабақша бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, - делінген хабарламада.

Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Биылғы жылдың басынан бастап қала бойынша 2 630 орындық 46 жеке балабақша ашылды. Жыл соңына дейін 320 орындық 2 мемлекеттік және 2600 орындық 29 жеке балабақша ашу жоспарлануда.

Алматыда тұрғын үйден мемлекеттік балабақша ашылды

2022 жылы 7179 орындық 109 балабақша ашылды, оның ішінде 120 орындық 1 мемлекеттік және 7059 орындық 108 жеке балабақша. Осылайша, 2022 жылдан бастап 10 109 орындық 156 балабақша ашылды.

Сонымен қатар балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс өткізіледі. 2023 жылдың басынан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға 3 801 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 2 конкурс өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы