Алматыда троллейбус аялдамаға соқтығысып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 8 тамыз күні сағат 22:00 шамасында Алматының Бостандық ауданында орын алған. №11 троллейбусТимирязев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы аялдамаға соқтығысқан.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, апат доңғалақтың жарылуынан туындаған. Жүргізуші Тимирязев көшесімен батыс бағытта келе жатып, басқаруды жоғалтқан және аялдама кешеніне соқтығысты. Оқиға салдарынан бір жаяу жүргінші мен троллейбус жолаушысы зардап шекті. Екеуі де медициналық мекемеге жеткізілді, ауыр жарақаттар тіркелген жоқ, - делінген ПД хабарламасында.
Полиция апатты тергеуге кірісті.