Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Алматыда 106 сәби дүниеге келді. Айтулы күні туған ұл және қыз балалардың саны тең.
Алматылық Самал Жүрсінбай 16 желтоқсанда N2 перзентханада алғаш рет сәбиін бауырына басты. Өмірге шекесі торсықтай ұл бала келді. Отбасы мүшелері сәбиге батыр, ұлтжанды болсын деп Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбектің есімін беріпті.
Осы 16 желтоқсанда дүниеге келгендіктен, өзіміздің қаһарман Қайрат атамыздың атын беріп отырмыз. Тәуелсіз мемлекетімде осылай баламды қолыма алып отырғаныма өте қуаныштымын. Баламыздың салмағы 2 келі 100 грамм болып туылды, – деп ағынан жарылды қала тұрғыны Самал Жүрсінбай.
Кішкентай Қайрат өмірге келген қалалық N2 перзентханада 16 желтоқсан күні 14 бала өмірге келіпті.
Ерекше сезім әрине болды. Себебі Қазақстан Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқан жас мемлекет қой. Тәуелсіздіктің туын желбірететін кішкентай сәбилерді мерекелік күнде, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында өмірге әкеліп отырғаныма шынымды айтсам, өте қатты қуаныштымын, – дейді жас ана Ақерке Шахан.
Дәрігерлердің көмегімен жеңіл өтті. Екінші балам – ұл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алла тағала ұл берді. Шүкір. Қатты қуанып, толқып тұрмын, – дейді тағы бір жас ана Қаракөз Тарғынова.
Мерейтойға орай медицина мекемесі аналарға шағын кәдесыйлар тарту етті.
Қала бойынша күнделікті орта есеппен 100-ден 120 балаға дейін дүние есігін ашады. Оның ішінде шала туылған, егіз, айы-күні жеткен нәрестелер бар. Жаңа туған сәби мен аналардың жағдайы жақсы, – деді №2 қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Иманғалиева.